Театр • Бүгін, 07:38

Көпке қойылған көркем сауал

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қуыршақтар жансыз дүние деп кім айтты? Олар кейде адам жүрегінің айқайын, жанның ең терең тылсымын, тіпті сөзбен айтып жеткізе алмайтын күйзелісті де әйгілеуге қауқарлы. Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры көрерменге дәл осындай рухани салмағы зор, ой тереңіне жетелейтін ерекше қойылым – «Мен кіммін?» спектаклінің премьерасын ұсынды.

Көпке қойылған көркем сауал

Бұл – ересектерге ар­налған, филосо­фия­лық мәні терең, адам табиғатының жұмбақ әлемін ашатын туынды. Спектакль қоғамдағы рухани жалғыздық пен адамдық келбетті жоғалту сынды бүгінгінің өткір мәсе­лелерін қуыршақ өнерінің көр­кем құралдары арқылы пайым­­дайды.

Қойылым адамның ішкі әле­міне терең бойлайды. Басты кейіпкердің жанайқайы, өзін табуға деген талпынысы, қо­ғаммен үндесе алмай дал болуы – бар­лығы символдық бейнелер арқы­лы жеткізіледі. Сахнадағы әр қуыршақ, әр жарық, әр қозғалыс – кейіпкердің көңіл күйінің көрінісі.

Адамның өзі мен көлеңкесі, сенімі мен күдігі, әлсіздігі мен қуаты арасындағы мәңгілік тартыс көрерменді бір мезет ойланып, бір мезет толғануға жетелейді. «Мен кіммін?» деген бір ғана сұрақтың артында әр адамның өз тағдыры, өз сүрлеуі, өз сырлы әлемі жатқандай.

Премьераның режиссері – Гүржістаннан арнайы ша­қырылған, қуыршақ театры өнерінде өзіндік бағыт қалып­тастырған Николоз Сабашвили. Оның мақсаты – күрделі идеяларды көркемдік шешіммен тоғыстырып, қуыршақ арқылы терең психологиялық бейнелер тудыру. Бұл жолы да режиссер адам жанын қуыршақтың плас­тикасы, жарық пен көлеңкенің қақтығысы және тағы да басқа ұтқыр символдық детальдармен өрнектеп, көрерменді шын мәнінде ой саяхатына жетелейді.

«Мен кіммін?» – бүгінгі қоғамдағы ең өзекті сұрақтардың бірі. Біз осы қойылым арқылы кө­рер­менді өз болмысына, адам­дық мәнге қайта үңілуге шақы­рамыз. Қуыршақ театры тек балаларға арналған деп ойлайтындар қателеседі. Бұл өнер күр­­делі идеяларды да нәзік, көр­­­кем әрі терең жеткізе алады. Премьера көрерменге ерекше әсер қалдырады деп сенеміз», дейді қуыршақ өнеріндегі тың тәжірибе туралы театр директоры Алмат Амангелді.

Иә, «Мен кіммін?» – жай ғана спектакль емес, қазіргі қоғамға қойылған көркем сауал. Рухани дағдарысқа ұшыраған адамзат болмысы, тұлғалық құндылықтың әлсіреуі, адам ішіндегі үнсіз күрес – бәрі сахналық тілмен шебер өріліп, жан тебірентер көрініс ретінде алдыңызға келеді. Көрермен бұл қойылымнан тек эстетикалық әсер ғана алмайды. Әр көрініс, әр қимыл, әр үнсіздік – өзіңізге қарата қойылған сұрақ секілді.