Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде еңбек еткен Перуза Амангелдіқызы – талай жастың талабын ұштап, үлкен сахналарға жол ашқан ұстаз. Дәстүрлі әуен ту тіккен өңірде бүкіл адамзат өркениетінің асыл мұрасы саналатын классикалық өнердің өркен жаюына үлес қосқан Перузаның шәкірттері халықаралық, республикалық конкурстарда лауреат атанды. Ұлағатты ұстаздан тәлім алған қыз-жігіттер бүгінде елімізбен қоса шетелдерде де білім алып, әлем сахналарында өнер көрсетіп жүр.
Перуза Арғынбаеваның шығармашылығы мен өмірі туралы көрсетіліммен басталған классикалық кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүсілім Әмзе дирижерлік ететін симфониялық оркестр сүйемелдеуімен республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары Гаухар Ахетова, Айбек Хайролла, Ғазиза Жүсіпбекова, Ербол Мұханов, Салтанат Мұратқызы, Алтынбек Арыстанбек, Фарида Бұлдановалар өнер көрсетті.
Ұстаз есімін жаңғыртқан кештің арнайы қонағы әлемдік опера сахнасын бағындырған талантты әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Алтынбек болды. Биыл Италияда өткен ХІ халықаралық CLIP 2025 опера байқауында топ жарып, жақында ғана әлемге әйгілі Ла Скала театрында дебют жасаған Әйгерім Қазанғап атындағы музыкалық колледжде Перуза Арғынбаеваның сыныбында оқыған. Классикалық бағыты да осы кезден басталып, ұстазы шәкіртін опера жанрындағы түрлі байқауларға қатыстырып, өнерін шыңдапты.
Әйгерім Алтынбек ұстаз рухына тағзым ретінде Дж.Пуччинидің «Турандот» операсынан Лиу ариясы мен басқа да әлем жұртына белгілі туындыларды орындады. Кешті барлық шәкірттері қосыла шырқаған «Ұстазым менің» әні түйіндеді. Жалпы, осы күні сахнадағы әрбір әуеннен сағыныштың үні есіп тұрды.
Кеш барысында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов, Перуза Арғынбаеваның әріптесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кеулімжай Ботабаев шәкірттері есімін жаңғыртқан өнер иесі жайында жүрек тербетер естелік айтты.
ҚЫЗЫЛОРДА