Министрліктің жобасы барысында отандық қаламгерлер ТМД елдерінің бірқатар архивтерінде зерттеу жүргізіп, қазақ тарихы мен әдебиетіне қатысты тың деректерді жинақтап, 15 ғылыми-шығармашылық еңбек әзірледі.
Осы еңбектерді көпшілік назарына ұсыну мақсатында 2025 жылдың 15 желтоқсанында Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада кең көлемді әдеби форум және жаңа кітаптардың тұсаукесері өтеді. Іс-шараға еліміздің белгілі ақын-жазушылары, зерттеушілер, жас ғалымдар, сондай-ақ Ресейдің әдебиет зерттеуші қаламгерлері мен әдебиет өкілдері қатысады.
Форум барысында авторлар өз еңбектерінің мазмұны мен маңызын таныстырып, архивтік деректердің әдебиет пен ғылымдағы орны туралы ой бөліседі. Сонымен қатар ашық пікірталастар, шығармашылық кездесулер және кітап көрмесі ұйымдастырылады.
Іс-шараның мақсаты – жоба нәтижесінде жарық көрген жаңа еңбектерді жұртшылыққа таныстыру, қазақ әдебиетінің ғылыми негізін кеңейту, архивтік деректерді әдебиет пен зерттеу саласына енгізу, ТМД елдері арасындағы мәдени және әдеби ынтымақтастықты нығайту және Қазақстан мен Ресей қаламгерлері арасындағы ғылыми-шығармашылық байланысты тереңдету.