Футбол • Бүгін, 10:00

Англия құрамасы Хорватиядан басым түсті

2 мин
оқу үшін

Футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі ең тартысты матчтардың бірі өтті. L тобындағы алғашқы турда Англия құрамасы Хорватияны 4:2 есебімен жеңіп, турнирді сәтті бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Англия құрамасы Хорватиядан басым түсті

Фото: championat.com

Алғашқы таймның өзінде төрт гол соғылып, жанкүйерлер шабуылға толы ойынның куәсі болды.

Есепті 12-минутта пенальтиден Харри Кейн ашты. Ағылшын шабуылшысы алғашқы әрекетінде қақпашыдан өте алмады. Алайда төреші қақпашының сызықтан ерте шыққанын анықтап, пенальтиді қайта орындатты. Кейн екінші мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.

36-минутта Мартин Батурина алыстан тепкен тамаша соққысымен есепті теңестірді. Дегенмен үзіліске дейін Кейн бұрыштамадан көтерілген пасты баспен қақпаға дәл бағыттап, ағылшындарды қайта алға шығарды.

Бірінші таймның қосымша уақытында хорваттар тағы да таразы басын теңестірді. Құрама шабуылшысы Петар Муса Иван Перишич пен Марио Пашалич ұйымдастырған әдемі комбинацияны сәтті аяқтады.

Роналду гол соға алмады: Португалия мен Конго тең түсті

Екінші тайм басталғаннан кейін небәрі екі минут өткенде Джуд Беллингем Англияны тағы да алға шығарды. Ал ойынға қосалқы құрамнан шыққан Маркус Рэшфорд қарсы шабуылды нәтижелі аяқтап, матчтың нүктесін қойды.

Томас Тухель жаттықтыратын Англия құрамасы матч бойы айқын басымдық танытып, көптеген қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Хорватия қақпашысы Доминик Ливакович бірнеше мәрте командасын голдан құтқарғанымен, жеңілістен арашалай алмады.

Осылайша Англия әлем чемпионатын сенімді жеңіспен бастап, топтағы маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Ал Харри Кейн әлем чемпионаттарындағы голдар санын 10-ға жеткізіп, турнир тарихындағы үздік сұрмергендер қатарындағы орнын сақтап қалды.

Айта кетейік, матч алдында Англия құрамасында өзгеріс болды. Қорғаушы Валентино Ливраментоның жарақатына байланысты оның орнына ұлттық құрама тізіміне Трево Чалоба қосылды.

Еске сала кетейік, 24 маусым сағат 01:00-де Англия құрамасы Ганамен кездеседі. Ал сол күні сағат 04:00-де Хорватия Панама құрамасымен ойын өткізеді.

Соңғы жаңалықтар