Ашық дереккөз
Бұған дейін, 2024 жылдың тамызында, Азаматтық авиация комитеті тікелей рейсті 2025 жылдың соңында ашу мүмкін екенін мәлімдеген еді. Алайда жоспар өзгеріп, әуе қатынасы әзірге іске қосылған жоқ. Министрдің айтуынша, негізгі себеп – Boeing және Airbus концерндерінің ұшақ жеткізу мерзімдерінің айтарлықтай кешігуі.
Министр Сауранбаевтың сөзінше, мұндай қашықтыққа тікелей ұшу үшін жаңа буындағы dreamliner секілді әуе лайнері қажет.
«АҚШ бағытындағы рейс Солтүстік полюс арқылы өтеді, яғни біз Ресей аумағын кесіп өтуіміз керек. Бұл бағытқа арнайы жаңа dreamliner лайнері қажет. Бірінші кезекте – ұшақтың болуы маңызды. Ал қазіргі таңда Airbus және Boeing зауыттарының тапсырыс портфелі 14 жылға дейін толып тұр. Осыған байланысты ұшақтарды жеткізу мерзімі кейінге шегерілуде», – деді ол Үкіметтегі брифингте.
Министрдің айтуынша, Қазақстан келесі жылы алуы тиіс әуе кемелері енді 2027 жылы ғана жеткізіледі. Осы жағдайға байланысты Air Astana АҚШ-қа қатынау үшін аралық нұсқа ұсынған.
«Лондонға тоқтау қарастырылды. Жолаушылар борт ауыстырмайды, Лондонда тек техникалық қону жасалып, кейін ұшақ АҚШ-қа бағыт алады. Dreamliner келгенге дейін біз әзірге осындай маршрутты пайдалануымыз мүмкін. Қазір осы бағытты пысықтап жатырмыз», – деп түйіндеді Сауранбаев.