Қоғам • Бүгін, 13:25

Еліміздің тағы бір өңірінде тауар бағасын рубльмен көрсеткен дүкен анықталды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысының Шортанды ауданындағы дүкендердің бірінде тауарлардың бағасы рубльмен көрсетілген, деп хабарлайды Egemen.kz Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Еліміздің тағы бір өңірінде тауар бағасын рубльмен көрсеткен дүкен анықталды

Министрліктің Telegram-арнасының дерегінше, Шортанды ауданындағы дүкенде шұжық бағасы шетел валютасы рубльмен белгіленген. Заң бойынша сауда сөресіндегі баға тек қана теңгеде көрсетілуі шарт. Бұл құқық бұзушылық үшін кәсіпкер айыппұл арқалады. 

Сонымен қатар Ақмола облысында азық-түлік нарығын тұрақты тексеру барысында әлеуметтік маңызы бар өнімдерге рұқсат етілген сауда үстемесін асыру фактілері анықталды. Мемлекеттік бақылауды Ақмола облысы бойынша Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті жүргізеді.

2025 жылы Ақмола облысында әкімшілік жауапкершілікке 216 кәсіпкер тартылды, олардың 99-ы ескерту алды, ал 117-сі жалпы сомасы 2,2 миллион теңгеден астам айыппұл төледі. Анықталған құқық бұзушылықтар қатарында әлеуметтік маңызы бар өнімдерге сауда үстемесінің асып кетуі, шетел валютасында тауарларды сату, тұтынушы бұрыштарының жоқтығы және тұтынушылардың шағымдарына заңда белгіленген мерзімде жауап бермеу бар.

Айта кетейік, бұған дейін Петропавлдағы супермаркеттердің бірінде бағаларды рубльмен көрсеткен кәсіпкер анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді.