Одан бір күн бұрын Батыс Қазақстан облыстық халық шығармашылығы орталығы композитор Темірәлі Бақтыгереевті еске алуға арналған «Барып қайт, балам, ауылға» атты ғажап кеш ұйымдастырған болатын. Мәні мен мағынасы үйлесіп, бірін бірі толықтырған бұл екі шара Ақжайық өңірінің мәдени кеңістігін әдемі әсерге бөледі.
Расында да «Барып қайт, балам, ауылға!» әні – әуені мен сөзі әрі орындаушысы бірін бірі дәл тапқан, тамырында жарты қасық қазақы қаны бар адамға әсер етпей қоймайтын ғажап туынды ғой. Талай тамаша туындыны өмірге әкелген композитор Темірәлі Бақтыгереевтің рухы туған жерінде шаттанған күн болды бұл. Сұлу сөзбен сурет салатын Дәулеткерей Атауұлы жүргізген кеш сыршыл да сезімтал, риясыз әппақ көңілмен өтті. Осы кешке Алматыдан арнайы келген танымал Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрлан Өнербаев, Сұлушаш Нұрмағамбетова сынды өнер майталмандары да өмірден ерте кеткен композитордың мәртебесін көтеріп, ол көрмеген құрметті сазгердің жары Жәмила жеңгейдің иығына ыстық ықылас етіп жапты. Бұл күні көрермен композитордың танымал туындысы – ақын Айсұлу Қадырбаеваның сөзіне жазылған «Барып қайт, балам, ауылға» әнін Қазақстанның Халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың орындауында, «Кешір мені», «Қайырлы кеш, Алматы», «Арманымның ақ отауы – Астанам» әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағанбетованың, ал ел арасында кеңінен танылған «Сағыныш», «Таңғы тілек» әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаевтың орындауында тыңдап, құлақ құрышын қандырды. Әрбір ән тәтті сағынышқа толы естеліктермен өріліп жатты.
Ертеңіне «Атамекен» өнер ордасында өткен «Аңсадым алақаныңды...» поэтикалық композициясы қазақ өлеңіне арналған тағы бір құрметке айналды.
Айсұлу Қадырбаеваны халқы сыршыл ақын ретінде де, қайтпас қайсар қайраткер ретінде де жақсы біледі.
– Жыр оқыса құбылтып, баурап қалған Айсұлу,
Ел менен жер дегенде сайрап қалған Айсұлу!
Дүйім жұртқа сөз сөйлеп, қайрат қылған Айсұлу,
Ақ жаулығын көтеріп, байрақ қылған Айсұлу! – деп ақын Дариға Мұштанова айтпақшы, 1991 жылы Орал қаласында болған «Қыркүйек оқиғасының» қаһарманын жерлестері жақсы біледі.
Ақын шығармашылығына арналған кеш үш бөлімді композиция түрінде өтті. «Алақанда тербеткен... ақ мама» прологі ақынның туған жерінен басталса, кеш иесінің қайраткерлік қыры «Парыз алақаны» атты бөлімде айрықша ашылды. «Шыңғысхан қаған» қойылымы, кітаптың тұсаукесері – ұлт ұлығын сезіндіруге жетеледі.
Әсерлі шараны әдемі ұйымдастырған – Мәулет Жұбатов бастаған халық шығармашылығы орталығы болатын. Бұған Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры, «Ғасыр жастары» театрының әртістері, халықтық «Ақжайық» би ансамблі (жетекшісі Ә.Дәулетова), «Атамекен» ерлер би ансамблі (жетекшісі С.Дәуітов) және Ә.Ахметов, М.Рамазанов, К.Болғанбаев, Р.Кереев, А.Базаров, А.Бақтығалиев, А.Айғалиева, А.Тұрарбеков, Д.Сатыбаев, Қ.Қадырбекова сынды әншілер де өз үлесін қосты. Айсұлу Қадырбаеваның өлеңдеріне жазылған Әсет Бейсеуов, Темірәлі Бақтыгереев, Еркін Нұрымбетовтің әндері шырқалды.
Ақын шығармашылығына арналған кеште Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрлан Өнербаев көрермен көзайымына айналды. Тұңғышбай Жаманқұловтың орындауындағы «Барып қайт, балам, ауылға» әні сахна төрінен 34 жылдан бері түспей келе жатыр екен. Осы кеште тұңғыш шырқалған «Нарғала», «Аққулы көлге бардың ба?» (әні Ә.Ахметов) әндеріне де осындай бақыт тілейміз.
Кеш ақын Айсұлу Қадырбаеваның жаңа кітабы – «Шыңғысхан қаған» шығармасының тұсаукесерімен түйінделді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мағира Қожахметова, танымал композитор Темірәлі Бақтыгереевтің жары Жәмила Бақтыгереева, «Парасат» орденінің иегері, ақын Айтқали Нәріков, «Парасат» орденінің иегері, ақын Дариға Мұштанова, БҚО Жазушылар одағы филиалының төрағасы, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, жазушы, журналист Бауыржан Ғұбайдуллин сахна төріне шығып, жаңа еңбектің оқырманға аттанған сапарына жол ашты.
Батыс Қазақстан облысы