Кейінгі кезде Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі жетекші білім орталықтарының бірі ретінде қалыптасуды көздейтіні айтылып жүр. Сол мақсатта шекара сыртындағы елдерден студенттерді тартуға қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, 2025 оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан шетелдік ізденушілердің нақты саны 35 075 болып отыр.
Жаңартылған деректерге қарағанда, шетелдік студенттердің құрылымы білім алушылар географиясының айтарлықтай кеңейгенін байқатады. Бұл тұрғыда көш бастап тұрған мемлекеттер: Үндістаннан – 9 959, Түрікменстаннан – 9 089, Өзбекстаннан – 4 136, Қытайдан – 3 367, Ресейден – 2 426 студент бар.
Оңтүстік Азия, Орталық Азия және Қытайдан келетін студенттердің басым бөлігі медицина, инженерия, IT және әлеуметтік-экономикалық бағыттарды таңдайды. Білім бағыттары бойынша сұраныс бойынша сандарды сөйлетсек: денсаулық сақтау және медицина – 12 950, педагогика – 5 943, бизнес және құқық – 4 539, инженерия – 3 374, ақпараттық технологиялар – 2 141.

Шетелдік талапкерлер неге біздің елді таңдайды? Мұның жауабын министрлік анықтаған үш себептен көре аламыз. Біріншісі – өңірдің бірқатар мемлекетімен салыстырғанда қолжетімді оқу ақысы; екіншісі – отандық жоғары оқу орындарының дипломдарының танылуы және халықаралық серіктестіктер; инфрақұрылымның жақсаруы және практикалық дайындыққа басымдық берілуі.
Логикаға салсақ, шетелдік студенттер қатарының көбеюіне елімізде ашылған шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының ашылуы түрткі болды деп ойлауымыз мүмкін. Алайда шетелдік студенттерді тартуда ұлттық университеттер стратегиялық драйверге айналды. Шетелдік студенттер саны бойынша үздік 5 ЖОО: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – 4 497, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ – 2 687, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ – 2 483, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ – 1 759, М.Әуезов атындағы ОҚМУ – 1 730.
Алматы, Астана және Шымкент шетелдік студенттерді тартудың үш негізгі орталығы болып отыр. Тарқатып жазсақ, Алматыда 18 195, Астанада 4 292, Шымкентте 3 645 шетелдік студент бар. Алматыда ұлттық университеттерді, медициналық жоғары оқу орындарын және жеке білім беру ұйымдарын қамтитын Орталық Азиядағы ең ірі білім кластері қалыптасқан. Астана ғылыми-зерттеу орталықтарының дамуы және халықаралық білім бастамалары арқылы зияткерлік орталық ретіндегі орнын күшейтіп жатыр. Шымкент еліміздің оңтүстігіндегі индустриялық білім тірегіне айналып келеді. Осы үш орталық бірігіп Қазақстанның Ташкент, Бішкек және Баку қалаларымен өңірлік көшбасшылыққа бәсекелесе алатынын көрсетеді.