Биыл академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті үшін тарихи оқиға болды. Мемлекет басшысының осы жылы 12 тамыздағы Жарлығымен оқу орнына «ұлттық» мәртебесі берілді. Бұған дейін Үкімет қаулысымен берілген «зерттеу университеті» мәртебесі академиялық автономиямызды кеңейтсе, ұлттық мәртебе – университет ұжымының жетістігін мойындау ғана емес, ел алдындағы үлкен жауапкершілік жүгі.
Бұл серпіліс 2023 жылы университеттің академиялық адалдық лигасына кіру туралы қабылдаған іргелі шешімінсіз мүмкін болмас еді. Лига стандарттары ұлттық мәртебеге лайық мөлдір экожүйені құруға негіз болды. Қазіргі таңда біз академиялық адалдықты жай ғана «опция» емес, университет дамуының басты шарты деп түсінеміз.
Біз лига мүшелігіне не себепті өттік? Білім беру экономикасының белгілі зерттеушісі Стивен Хейнеман академиялық адалдықтың болмауы мемлекетке тікелей экономикалық зиян келтіретінін дәлелдеген болатын. Егер университет әділетсіз баға алған, біліксіз маман шығарса, қоғам мен университет арасындағы әлеуметтік келісімшарт бұзылады.

Лигаға кіру – нарық пен халықаралық қауымдастыққа берілген белгі. Бұл – Бөкетов университетінің дипломы «көлеңкелі» келісімдермен емес, нақты біліммен қамтамасыз етілген деген сөз. Бұл қадам білім сапасын арттыруға және университеттің академиялық беделін халықаралық деңгейде танытуға жол ашты.
Ұлттық мәртебе сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік саясатын талап етеді. Университетте комплаенс-қызмет құрылып, академиялық адалдық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат пен стандарт енгізілді. Біз мүдделер қақтығысын тексерудің қатаң рәсімдерін бекіттік. Алайда ең бастысы – сананы өзгерту. Студенттерге тек кәсіби білім берілмейді, елдің зияткерлік элитасын қалыптастыру көзделеді. Осы мақсатта бакалавриаттың оқу жұмыс жоспарына «Құқық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері» пәні, ал магистратураның жұмыс жоспарларына «Мемлекеттік билік пен басқару жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс» пәні енгізілді. Университет тек мамандар даярлап қоймай, елдің құқықтық элитасын қалыптастырады.
Академиялық адалдық саясаты оқу үдерісінің ажырамас бөлігіне айналды. Мақсат – студентті «ұстап алу» емес, оны ақпаратпен сапалы жұмыс істеуге, зияткерлік меншікті құрметтеуге үйрету.
Бағалау инфляциясын төмендету және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында стандартты операциялық рәсімдер цифрландырылды. Жасырын бағалау форматы енгізіле отырып, бағалаудың объективтілігіне қол жеткізілді.
Соңғы екі жылда компьютерлік тестілеудің үлесі азайтылып, ауызша, жазбаша және шығармашылық емтихандардың үлесі екі есеге, яғни 40%-ға дейін артты. Бұл студенттердің сыни ойлауы мен академиялық жазылым дағдыларын дамытады.
Заман ағымынан қалмай, жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын оқу үдерісіне енгізіп жатырмыз. Біздің ұстанымымыз – тыйым салу емес, жауапкершілікпен қолдануға үйрету. Осы ретте ЖИ-ді қай кезде құрал ретінде пайдалануға болатынын, ал қай кезде оның плагиатқа теңестірілетінін айқындайтын арнайы регламент әзірленді.

Ғылым тазалығы – басты назарда. Диссертациядағы деректерді бұрмалау немесе плагиат ондаған жылдар бойы қалыптасқан беделге нұқсан келтіреді. Бакалаврдың курстық жұмысынан бастап, докторлық диссертацияға дейінгі барлық деңгейде академиялық адалдық стандарт енгізілді.
«Жыртқыш» басылымдарға ғылыми мақала жарияламау үшін ғылыми этика қатаңдатылды, нәтижесінде Q1 және Q2 санатындағы журналдардағы мақала саны мен дәйексөз алу көрсеткіші өсті. Әлемдік ғылым жоғары оқу орнын «мақала фабрикасы» емес, адал серіктес ретінде таниды.
Университетте шығатын 12 ғылыми журналдың төртеуі «Web of Science» және «Scopus» базаларында индекстеледі. Әсіресе «Математика» сериясының Q2 деңгейіне (53 процентиль) жетуі – отандық ғылымның зор жетістігі. Ал ребрендингтен өткен «Buketov Business Review» журналы қатаң сүзгі арқылы әр нөмірге тек сапалы 4–5 мақаланы ғана жариялап, ғылыми этиканы бірінші орынға қойып отыр.
Жоғары оқу орындарының QS жаһандық рейтингіндегі «Академиялық бедел» және «Жұмыс берушілер арасындағы бедел» көрсеткіштерінің өсуі стратегиямыздың дұрыстығын дәлелдейді. Мәселен, жұмыс берушілер арасындағы бедел көрсеткіші 11 балдан 36.7 балға дейін өсті.
Халықаралық аренадағы сенімнің артуы шетелдік студенттер санынан да байқалады. 2024–2025 жылдары шетелдік студенттер контингенті екі еседен астам ұлғайды. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, талапкерлердің басым бөлігі университетті оның жоғары бәсекеге қабілеттілігі мен академиялық адалдығы үшін таңдайды.
Ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, академиялық адалдық пен кәсіби ортадағы этиканың арасында тығыз байланыс бар. Демек егер студент университет қабырғасында көшіру, плагиат жасау, алдау сияқты академиялық адалдықтың негізгі қағидаттарын бұзса, ертең жұмыс орнында да соны қайталайды. Миссия – тек кәсіби маман ғана емес, жоғары деңгейдегі азамат тәрбиелеу.
Университеттердің ұлы хартиясында айтылғандай: «Жоғары оқу орны – мәдениетті сыни түрде құратын және тарататын автономиялық мекеме». Біз адалдық мәдениетінсіз сапалы білім мен серпінді ғылымның болмайтынына сенеміз. Академиялық адалдық лигасының қағидаттары білім сапасын жаңа деңгейге көтереді.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің
басқарма төрағасы-ректоры, ҰҒА академигі