Аймақтар • Бүгін, 08:00

Ақжайықта спорт кешені ашылды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылында жаңадан дене шынықтыру және спорт кешені ашылды.

Ақжайықта спорт кешені ашылды

Үш мыңға жуық тұрғыны бар Ақжайық ауы­лында салын­ған бұл жаңа кешен заманауи стандартқа сай бой көтер­ген. Мұнда ауыл жастарына, барша тұрғындарға спортпен айналысуға, уақытын тиімді өткізуге, ден­саулығын нығайтуға барлық мүмкіндік бар.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында спорт саласын дамыту – стратегиялық міндет екенін атап өтіп келеді. Ел Президентінің «Жастардың бос уақытын тиімді өткізуі­не жағдай жасап, спорт инфрақұрылымын ауылдарда қолжетімді ету – мемлекеттің басым бағыты. Спорт секцияларын, үйірме­лерді, ауылдық спорт нысандарын көбейту – дені сау ұлт қалыптастырудың негізгі шарты», деген нақты тапсырмасы бар. Бүгінгі ашылып отырған жаңа спорт кешені мемлекеттік саясаттың нақты жүзеге асқан жарқын үлгісі», деді нысанның ашылу салтанатына қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.

Жаңа кешенде спортпен шұғылданушыларға қажетті инфрақұрылым толық қарасты­рылған. Атап айт­қанда, боксқа ар­нал­ған арнайы спортзал, керек-жарақ сақтайтын бөл­мелер, нұсқаушылар бөл­месі, медициналық көмек көрсететін кабинет, жат­тықтырушылар мен қызмет­керлерге арналған жеке кабинеттер, киім ілетін орындар, инженерлік-тех­никалық бөлмелердің бәрі сақадай сай тұр. Барлық спортзал оқу-жаттығу сабақ­тарын өткізуге қажетті заманауи жаб­дық­пен толық қам­тамасыз етілген.

Спорт кешенінің есігіне керілген лентаны облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен ауыл тұрғыны, ардагер спортшы, Теректі ауданының балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттық­ты­рушысы, 2016 жылғы ардагерлер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүл­дегері, 2025 жылғы ардагерлер арасындағы ел біріншілігінің жеңімпазы Сұңғат Бекқалиев салтанатпен қиды. Өңір басшысының айтуынша, Ақжайық ауы­лын­дағы спорт кеше­ні жалпы облыста атқары­лып жатқан жүйелі жұмыстың бір парасы ғана. Биыл облыс­та осындай 14 кешен қолға алынған болса, соның төртеуі пайдалануға берілген, қал­ған 10-ы жаңа жылға де­йін тапсырылады. «Бұның бәрі ауыл халқы үшін жасалып жатқан игі шаралар. Ақжайықтықтарға құтты болсын айта келдік», деді аймақ басшысы.

 

Батыс Қазақстан облысы