Оқиға • Бүгін, 17:24

Астанада жас жігітті сауда орталығынан әскери комиссариатқа күштеп алып кеткен

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанадағы сауда орталығының бірінде әскери комиссариат қызметкерлері 23 жастағы жігітті еркінен тыс алып кеткен. Оқиға куәгерлері бұл сәтті видеоға түсіріп алған. Аталған жағдайға елордалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент түсінік берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Астанада жас жігітті сауда орталығынан әскери комиссариатқа күштеп алып кеткен

Фото: freepik.com

Әлеуметтік желілерде бірнеше адам полицейдің сүйемелдеуімен бір жігітті күштеп алып кетіп бара жатқан видео тарады. Оқиға «Аружан» сауда орталығында болған. Әскери комиссариат қызметкерлері жас жігітті жұмыста тұрған жерінен әскерге алып кетпек болған.

Оқиға келушілер мен қызметкерлердің көз алдында, ашық түрде болғаны атап өтілді.

Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің хабарлауынша, 4 желтоқсанда департамент қызметкерлері полициямен бірлесіп іс-шара жүргізген. Соның барысында 2002 жылы туған, әскерге шақырылушылар қатарында бар азамат тоқтатылды.

«Тексеру кезінде аталған азаматтың бұрын әскери қызметке жарамдылығын анықтау үшін міндетті медициналық тексерістен өтпегені белгілі болды. Оған қалалық жинақ пунктіне бару ұсынылды, алайда ол бас тартты. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, азамат медициналық комиссиядан өтуге арнайы мекемеге жеткізілді», деді департаменттің баспасөз қызметі.

Алғашқы медициналық тексеріс қорытындысына сәйкес, ол тұрақты тіркелген мекенжайы бойынша қосымша тексерілуге жіберілген. Қажетті жолдама беріліп, кейін үйіне қайтқан.

«Азамат тарапынан қандай да бір заңсыз әрекеттер бойынша шағым не өтініш түскен жоқ», деп атап өтті Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті.