Оқиға • Бүгін, 12:21

600 миллиард доллар: Ірі онлайн-казино схемасы әшкереленді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз онлайн-казино қызметін тоқтату және оған қатысы бар қаржы арналарын бұғаттау бағытындағы шараларды күшейтті. Тексеру нәтижесінде төлем ұйымдары арқылы қаражатты заңды транзакциялар ретінде көрсетіп, шын мәнінде онлайн-казино шоттарына аударып отырған трансшекаралық схема анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

600 миллиард доллар: Ірі онлайн-казино схемасы әшкереленді

Фото: ҚМА

Агенттік Қазақстан аумағында онлайн-казинолардың қызметіне толық тыйым салынғанын еске салды. Мұндай ресурстар салық төлемейді, клиенттерді тіркемейді, балалар мен жастарды тартады және қоғамның психикалық денсаулығына зиян тигізеді.

«Схеманы жүзеге асыру үшін финтех-сервистердің иелері букмекерлік кеңселермен жасалған жалған шарттар негізінде алынған «сұр» POS-терминалдар мен Terminal ID қолданған», делінген хабарламада.

Анықталған заңсыз қаржы айналымы 600 млрд теңгеден асқан. Бұл схемаға 20-дан астам төлем ұйымы және бірқатар екінші деңгейлі банктердің қызметкерлері қатысқан.

«Сонымен қатар төрт онлайн-казиноға техникалық қолдау көрсетіп, ақша операциялары бойынша кеңес берген Call-орталықтың қызметі тоқтатылды. Оның заңсыз жұмысына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Испания және Вьетнам азаматтарынан құралған 120 адам тартылған. Бұдан бөлек, Call-орталық ұйымдастырушылары криптовалюта арқылы қаражат қабылдап, шығаруды жүзеге асырған гемблинг негізіндегі серіктестік бағдарламасын құрған. Оның айналымы 200 млн USDT-тен асып түсті», деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.

Жедел шаралар кезінде 70-тен астам тінту жүргізіліп, заттай айғақтар алынған. Сот санкциясымен тоғыз адам қамауға алынды, олардың қатарында «Төлем ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басшысының кеңесшісі де бар. Сондай-ақ шетел азаматтары бар сегіз күдіктіге халықаралық іздеу жариялауға құжаттар дайындалып жатыр.

Агенттік заңсыз құмар ойындарын жарнамалау немесе оған жәрдемдесу әрекеттерінің барлығы қылмыстық қызметке көмектесу ретінде қарастырылатынын және жауапкершілікке міндетті түрде апаратынын ескертті.