Шахмат – баланың көрнекі-бейнелі ойлауын дамытып, шешім қабылдау, талдау және табандылық дағдыларын қалыптастыратын интеллектуалды ойын. Сондықтан мектепте бұл бағытқа қызығушылық артып отыр. Қазіргі таңда 1–4 сыныптан 150 оқушы, 5–7 сыныптан 45 оқушы тұрақты түрде үйірмеге қатысады.
Мектеп директоры Айгүл Абайқызы бұл бастаманың маңызын атап өтті:
«Шахмат – жай ғана ойын емес, баланың ми қабілетін шыңдайтын күшті құрал. Үйірмеге қатысып жүрген балалардың сабаққа ынтасы артып, ойлау жылдамдығы, зейіні жақсарғанын байқап отырмыз. Ата-аналардың да қызығушылығы жоғары. Олар баласының бос уақытын тиімді өткізіп, өзіне сенімді болғанын қалайды. Біз үшін әр баланың жан-жақты дамуы маңызды», дейді мектеп директоры.
Оқушылардың шахматқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында жақында мектепке халықаралық гроссмейстер Нұрлан Болатұлы Ыбраев келіп, жас шахматшыларға шеберлік сабағын өткізді. Балалар мен ата-аналар үшін бұл үлкен мотивация болды.
Айта кетейік, елімізде 42 мектепте шахмат пән ретінде оқытылады, ал 1500-ге жуық білім ордасында үйірмелер жұмыс істейді. 2027 жылға дейінгі кешенді жоспар аясында Түркістан облысындағы шахмат үйірмелерінің саны одан әрі артады деп жоспарланған.