Күні бойы қонақтар үшін таңертең базалық станцияда DJ-лер, Stradivari квартеті, би ұжымдары өнер көрсетіп, отбасымен келгендерге арналған интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылды. Күндізгі бағдарламаның сәнін инди-музыкант Dudeontheguitar келтірді.
Жаңа маусымының ашылуына орай, Медеудегі алаңда Red Bull DJ-сеттерін ойнаса, мұз айдынында да мәнерлеп сырғанаушылардың арнайы қойылымдары салтанат құрды.
Бүгін Талғар асуында да музыкалық ойын-сауық бағдарламалары өтті. Ал Ортадағы станцияда алғаш рет Shymba Après Ski дәстүрін бастады.
«Après Ski» деп отырғанымыз, шаңғы теуіп шаршағаннан кейінгі еркін дамылдау, әңгімелесу форматындағы күндізгі демалыс. Биылғы Shymba Après Ski мерекесін Elevation мен Vihod промо-командалары бірлесе өткізді. Қонақтар қала панорамасын, заманауи музыкаларды тыңдап, ашық тау-шаңғы қауымдастығының көңіл-күйін тамашалады. Енді Shymba Après Ski әр сенбі сайын Le Mont алаңында ұйымдастырылмақ.
Қазір Шымбұлақ тау-шаңғы курортында «Талғар», «Жасыл қайың», «Ақ аю» мен «Ақ барыс» сырғанақ жолдары ашық. Ауа райы тұрақталған кезде басқа да қосымша жолдар іске қосылады. Сондай-ақ Талғар асуындағы түнгі сырғанақ маусымы басталды.
«Әр маусымды курортымыздағы сырғанау қауіпсіздігі мен қысқы демалысқа мұқият дайындықтан бастаймыз. Техникалық мамандар арқанжолдарды толық тексеріп шығып, жабдықтың біразын жаңартты. Биыл қонақтар жалға берілетін аймақтарының кеңейгенін, қызмет көрсететін мамандардың жұмысы жақсарғанын бірден байқады. Біздің мамандар беткейлерді сырғанауға әзірлеуді жалғастырып жатыр, ал тұрақты аяз басталғанда тағы да бірнеше жол ашылады. Қонақтарымыздың өздерін беткейлерде сенімді әрі қауіпсіз сезінуі біз үшін аса маңызды», – дейді Chimbulak Development компаниясының басқарушы директоры Нұрлан Сейтқазин.