Тұлға • Бүгін, 08:45

Кемеңгер туралы кітап

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайрат­кері Әбіш Кекілбайұлының туған күні 6 желтоқсан – Маңғыстауда әдебиет­ мерекесіне айналды. Биыл жазушының өмірден өткеніне (11 желтоқ­сан) 10 жыл екен. Осы орайда өзі еңбек еткен, тұрақты авторы әрі оқырманы болған сүйікті газеті «Egemen Qazaqstan» арқылы «Әбіш Кекілбайұлы кім?» атты кітап шыққанын жарияламақпыз.

Кемеңгер туралы кітап

Жас қаламгер Бақтыбай Жай­лаудың осындай атпен жарық көрген еңбегі – қазақ әдебиеті мен мемлекет тарихы­ның аса ірі тұлғасы Әбіш Кекілбайұлы­ның өмір жолын жаңа буынға түсінікті форматта таныстыруды мақсат еткен заманауи биографиялық еңбек. Ішінде әрі танымдық, әрі педагогика­лық сипат тоғысқан, «қарапайым оқыр­­манға арналған энциклопедия­лық порт­рет» деуге келетін ерекше туын­­ды. Автор шығарманы ауырлатпай, жас оқырманның қабылдауына ыңғай­лы тілмен, бейнелі әрі жинақы баяндайды.

Оқырманды жазушының балалық шағы, Маңғыстау өңірінің тылсым таби­ғаты, геологтермен танысуы сияқты әсерлі эпизодтар бірден баурап әкетеді. Автор алғашқы беттерден-ақ Әбіштің ерекше зеректігі мен талабы туралы аңызды дерекке айналдырады. Ол геологтерге жол көрсетіп, жер-су атауларын картаға түсіруге көмектескені жөніндегі эпизод аса көркем әрі нақты фактіге негізделген. Бұл оқиға болашақ алып тұлғаның табиғи интеллектісін, елтанушылық бастауларын, ізденімпаздығын ерте шағынан айшықтайды.

Кітаптағы ең үлкен артықшылықтың бірі – Әбіш Кекілбайұлының тұлғалық эволюциясын кезең-кезеңімен, үзіліссіз желі етіп өрбітуі. Мәселен, мектепте жүріп-ақ әдеби сынға араласуы, өткір мақалалары үшін ауылда дау туын­дауы, «Екпінді егін екпей ме?» атты алғашқы сыни мақаласынан кейін­гі жағдайлар барынша нақты, архив­тік дәйектерге сүйене отырып беріл­ген. Бұл жерде автор жас Әбіштің батылдығын, қоғамдық әділеттілікке деген жанашырлығын, сынға адалдығын анық бейнелейді. Ауыл басшыларының 7-сынып оқушысының айтқан сынына жиналыс өткізіп, «Кекілбаев жолдастың көтерген мәселесі орынды» деп мойындауы – сая­саттанушы да, жазушы да, азаматтық тұлға да кейін осы бағытта қалыптасатынын ерте аңғартады. Тағы бір құндылығы – Әбіштің студент­тік және әдеби ортадағы қалыптасу кезеңдерін беруі. Әдеби жиындарға қатысуы, «Лениншіл жас» газетінде қызмет ете бастауы, шығармашылыққа ден қоюы туралы тараулар жинақы әрі әсерлі. Әсіресе, Мұхтар Мағауинмен достығы, Оразбек Сәрсенбаевтың даулы поэмасын қорғаудағы Әбіштің ерлігі, жас қаламгерлердің интеллектуалдық тандемі, әдеби ортаға жасындай жарқыл­дап келуі – оқырманға тұлға болмысының қайсарлығын сезіндіреді.

Кітапта Әбіш Кекілбайұлының мемлекеттік қызметтегі миссиясы да назардан тыс қалмаған. Жазушының Мәдениет министрлігіндегі, «Қазақ­фильм» киностудиясындағы, Қазақстан КП ОК мәдениет бөліміндегі, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіндегі қызметтері бірізділікпен, тарихи контекспен түсіндіріледі. 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасына байланыс­ты оның зиялы қауым өкілі ретінде аймақ тұрғындарының мәселесін билікке жеткізуі, елді сабырға шақы­руы, қантөгісті тоқтатуға ат салысуы кітапта қысқа болса да өте нақты баяндалады. Әбіш бастаған топ халықтың амандығы үшін Маңғыстауға шұғыл жетіп, жергілікті биліктің қатесін ашық айтып, жағдайды тұрақтандыруға үлес қосқанын автор дәл көрсетеді.

Кітапта Әбіштің жазушылық әлемі де кең қамтылған. «Күй», «Шыңырау», «Ханша-Дария хикаясы» повестері мен «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» романдары секілді шығармаларының тарихи-рухани маңызы, олардың әлем тілдеріне аударылуы көрсетілген. Туын­дылары ағылшын, неміс, француз, түрік, испан, грек, парсы, моңғол, чуваш тіл­деріне аударылғаны – Әбіштің қазақ әдебиетін жаһанға танытқан санаулы қалам­гердің бірі екенін айғақтайды. Мұн­да автор жас оқырманға түсінікті болу үшін әр романның мәнін қысқаша әрі бей­нелі түрде ашып береді. Әсіресе, «Аңыз­дың ақыры» романы мен «Ханша-Дария хикаясындағы» әміршілер психологиясын талдауы – кітаптағы ең оңтайлы берілген әдеби-танымдық фрагменттердің бірі.

Соңғы тарауларында Әбіштің отба­сылық трагедиясы – ұлы Әулеттің қаза болуы, сол қасіреттің қаламгер денсау­лығына әсері шынайылықпен берілген. «Әулеттің қазасы Әбіш пен Клараны теңселтіп жіберді» деген жолдар қысқа болса да, жазушының кейінгі жылдардағы жан азабын ұғындырады.

Кітаптың ең тартымды тұстарының бірі – Әбіштің мемлекеттік қызметтен кейінгі рухани миссиясын көрсетуі. Ұлттық академиялық кітапхананың Қам­қоршылық кеңесін басқаруы, «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітап­хана» деген қанатты сөзінің мәдени кодқа айналуы. Бұл жерлер автордың ізет-құр­метке толы стилімен үндесіп, оқырманға тұлғаның рухани биіктігін көрсетеді.

Өте жылы, тіл бояуы қанық, оқырма­нын жалықтырмайтын кітапта Әбіш Кекілбайұлының тұлғалық болмысын дәл, ықшам, тартымды түрде сомдау арқылы автор үлкен буын мен жас буын арасын байланыстырып тұрған рухани көпір іспетті жұмыс атқарған. «Ол кім?» сериясының мақсаты да осы – оқырманға ұлы тұлғаларды қарапайым тілмен жақындату. Туындының мазмұнын жеңіл қабылдататын тағы бір элемент – заманауи, минималистік иллюстрациялары; олар мәтінді бөлшектемей, керісінше оқырманның қызығушылығын арттырып, тұлғаның бейнесін визуалды түрде толықтыра түседі.

«Әбіш Кекілбайұлы кім?» кітабы – тұлғатану саласындағы қажетті, тәрбие­лік маңызы жоғары, көркемдік мәні мол танымдық еңбек. Автор биография­лық факт, әдебиеттанушылық түсінік, тарихи контекст, деректі эпизодтар мен көркем баяндауды шебер үйлестіре отырып, Әбіш Кекілбайұлын бүгінгі жас буынға үлгі етеді. Бұл туынды қазақ руханиятының ірі тұлғасын таныстыруда өзінің миссиясын толық атқарған еңбек деп нық айтуға болады.

 

Маңғыстау облысы