Астанадағы аталған мұражайдың әлемде баламасы бар деп айта алмаймын. Мұражай болғанда, қандай десеңізші! Мәселен, қазақтың төлтума өнерінде 120 музыкалық аспап бар екен. Оның арасында бүгінде ұмытылған немесе кітап беттерінде ақпарат ретінде ғана көшіп жүргендерінің біразы аталған музей жанындағы Болат Сарыбаев атындағы қалпына келтіру, зерттеу лабораториясында қатарға қосылып жатқаны қуантады. Мұндағы сіз көрмеген қазақтың ұлттық аспаптары, жалпы сұлбасымен бұрын таныс болсаңыз да, сырына үңілмеген сазсырнай мен сыбызғы, шаңқобыз бен шыңдауыл, жорықдабыл мен доңызқауақ, домбыра мен қобызды есептемегенде, тағы да ондаған белгілі-белгісіз ұлттық аспап осы музейдегі жігіттерден құрылған «Жошы» этнофольклорлық ансамблінің ойнауымен «сөйлеп» бергенде, ғажайып күйге бөленесіз. Аталған ансамбльдің жеке нөмірлерін сіз концерттерде, бәлки эфирлерден тамашалаған шығарсыз, онда бірақ мына мұражайда қойылған тұтас желінің үзінділерін ғана тыңдаған боласыз. Ал музей ішінде мыңдаған аспап арасында әңгімесін қоса естіп алаңсыз құлақ түрсеңіз, әрине, кереметтің өзі. Күләш Бәйсейітованың өнеріне қарата Ғабит Мүсіреповтің жазғаны бар еді ғой, «чудо» деп. Бұл да сол, басқа айтар жоқ.

Концерт сазсырнайда шертілген саздан басталды. Әдемі әуенге еліте бергеніңізде осы Өнер мұражайын қазақтың ұлттық аспаптарымен толтырған Азамат Бақия сөйлеп кетеді. Қазақ өнерінде жалғыз-ақ сазсырнайдың уілдек, тастауық, үскірік, шыңырау, құссайрауық, қоссаз, қосуілдек, үшкелек деген тоғыз түрі бар екен. Қазір аталған музейде осылардың бәрі қамтылған, түрлі үлгідегі 160 сазсырнай тізіліп тұр. Аузынан Болат Сарыбаевты тастамайтын Азаматтың айтуынша, сазсырнай – ертедегі қазақ өмірінде есік алдында ойнап жүрген балалар саз-балшықтан жасап алып, өз арасында бір-бірінен үйреніп тарта беретін аспап. Мәселен, «Батыр Баян» фильмінде оның інісі Ноян үнемі сазсырнай тартып жүретіні есіңізде шығар. Ақселеу Сейдімбектің жеткізуінше, XIII–XIV ғасырларда қазақ даласында екі сазсырнайды бір-біріне қабыстырып жасап тартқан. Азамат Бақияның айтуынша, «бұл – музыка саласындағы ғылыми жаңалық». Мұнда тартылатын сазсырнайдың осы түрі. Сезім пернесін дөп басардай әсерлі һәм жағымды естіледі. Қандай да бір ансамбльді тыңдасаңыз, сазсырнайдың үні жеке-дара шығатынын білеміз. «Жошы» ансамблі сазсырнайды домбырамен сүйемелдейді, халық әні «Балапан қазды» уілдеткенде, көңілің тебіренеді. Әбден иі қанған саз-балшықтан ортасы қауақ ретінде құйылып, суда ширыққан саз отқа қақтала «пісіп-жетіліп», тұсындағы тесіктерден кеңістікке тараған үн күмбездерден күңгірлеп естілген мінәжаттай арқаңды шымырлатады. Адамды топырақтан жаратқан Алла тағала үрлеп жан салған деседі. Иә, топырақты суға шылап, қалай икемдесе, сондай мүсін шығады, қауағын үрлесе ол да дауыс салады екен. Сазсырнайды көр де, қазақ даласындағы күмбездерге қара. Күмбезіндегі саңылауы үрлер ауызы болса, бүйіріндегі есігі мен саңылаулары аспаптың асты-үстіндегі дыбыс шығар тесіктеріндей емес пе? Жұматай Жақыпбаев «Қазақ халқы Құдайдың шәкірті ғой» дегені осындайда еріксіз еске түссе қайтесіз. Оның үстіне ана «Балапан қаз» немесе халық күйлері сазсырнайдан шыққанда бар ғой, маужырап сала бересіз. «Дүние ойдан шығады» (Абай). Мұны саздан құйып жасаушы да, тартушы да Азамат алдыңызда осылайша ақтарылады.
Өнер музейінде 60-тан астам атақты сыбызғышылардың аспабы сақтаулы. Атақты Кәлек Құмақайұлының ата-бабасының, өзінің, шәкірттерінің сыбызғысы тұр. «Музыка түсінетіндерге үлкен қор» дейді Азамат Бақия. Бұл аспап та осында жасалады. Дабыл, домбыра, қобыз, шаңқобыз қосылып сыбызғыны сүйемелдегенде жанға жайлы леп еседі. Шоқан Уәлихановтың «қазақ даласында екінің бірі сыбызғы тартады, домбырадан да көп таралған» деген жазбасы бар екен. Ертеде мал бағып жүріп іші пысқан екі қазақтың бірі қурайдан сыбызғы жасап тартатыны туралы ел аузынан естігенбіз. Сондай қазақ даласында қазір сыбызғы жасайтын, сазсырнай жасайтын санаулы шебер қалған дейді Азамат Бақия. Кейінгі 15 жылда осы екі аспапты жасайтын бір-бір-ақ шеберден қалғаны, әрине, өте қынжыларлық жағдай.
Домбыра мен қобызды күнде тыңдап жүрміз ғой. Ал шаңқобызды ше? Ансамбльде ешбір аспаптың сүйемелдеуінсіз тартылатын жалғыз шаңқобыз аспабының мүмкіндігін осы жерден ғана көрдік. Ежелде бақсылар ұстаған, езуге қыстырып қана тартылатын бармақтай шаңқобыздан шамырқана шыққан рухты дыбыс дүниені дүр сілкіндіргендей.
Даламызда жолбарыс тұрмақ, сол жолбарысты үркітетін аспап болған – доңызқауақ. Мұражайдан оны да көріп, тіпті үні қалай шығатынына куә болдық. Бөрінің ұлығанындай, жолбарыстың да ақырғаны өксігеніндей ішті солқ еткізеді. Ертедегі қазақтар көш жолын бөгемес үшін қалың қамыс, орман тұсында осы доңызқауақты пайдаланады екен. Яғни белгілі бір аумаққа бөтен жолбарыс келіп ақырса, сонда мекендеуші екінші жолбарыс тайып тұратын өздерінің заңы деседі. Доңызқауақ қазақ даласында осы мұражайда ғана бар және «Жолбарыстың жортуы» атты ұлы сарынды да сіз осы музейден тек «Жошы» ансамблінің орындауында тыңдай аласыз. Ар жағын түсіндіріп жату артық болар.