Фото: Атом энергиясы жөніндегі агенттік
Шара барысында ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС мамандары елдің электр энергиясына сұранысын, геологиялық ерекшеліктер мен инфрақұрылым мүмкіндіктерін ескере отырып талдау жүргізді. Бұл зерттеулер атом саласын дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қаралып, оның қорытындысы бойынша Алматы облысының Жамбыл ауданы екінші АЭС салу үшін оңтайлы аймақ ретінде ұсынылған.
Тыңдауда станция құрылатын аумақты таңдаудың ғылыми-тәжірибелік негіздері, реактордың техникалық сипаттамалары, қауіпсіздік шаралары және жоба іске асқанда күтілетін әлеуметтік-экономикалық нәтижелер жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
«Қазақстанда 3+ буын реакторлары пайдаланылатын болады, онда қауіпсіздік көп деңгейлі резервтеу, пассивті және белсенді қорғау жүйелерін біріктіру қағидаты бойынша іске асырылады. Қазіргі заманғы реакторларды әлемдік қоғамдастық экологиялық және қауіпсіз деп таныды», деді ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі Ядролық энергетика департаментінің директоры Гүлмира Мұрсалова.
Жобаның өңір экономикасына қосатын үлесі де сөз болды.
«Екінші АЭС құрылысы жергілікті өндірісті елеулі дамытуды қамтамасыз етіп, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуы үшін жағдай жасайды. Дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, АЭС-тегі бір жұмыс орны экономиканың аралас салаларында 10 жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етеді», деп атап өтті ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Қазақстандық қамту департаментінің директоры Данияр Жансейтов.
Көпшілік тыңдауға қатысқан ауыл тұрғындары АЭС құрылысына қолдау білдіріп, жобаның өңір инфрақұрылымын жақсартуға, жұмыс орындарын көбейтуге және елдегі энергия тапшылығын азайтуға ықпал ететінін жеткізді.
«Біз екінші АЭС құрылысын қолдаймыз, өйткені ол тұрғындарымызға жаңа мүмкіндіктер ашып, жұмыс орындарын құрып, энергиямен қамтамасыз ету мәселелерін шешуге көмектеседі.
Жоба инфрақұрылымды дамытуға үлес қосып, болашақ ұрпаққа тұрақтылықты қамтамасыз етеді», деп атап өтті Жамбыл аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Бағдат Алиев.
Еске сала кетейік, Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына «Балқаш» деген атау берілді.