Спорт • Бүгін, 11:13

Белгілі бапкер Жәнібек Әлімханұлының мансабына қатысты пікір білдірді

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жәнібек Әлімханұлының 6 желтоқсанға жоспарланған тарихи жекпе-жегі өтпейтін болды. WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы Эрисланди Лараға қарсы өткізетін жекпе-жегінің алдындағы допинг тестінен өтпей қалғанын хабарлаған едік. Отандасымыздың ендігі кәсіби мансабына қатысты белгілі бапкер Жұмабек Өмірзақов пікір білдірді, деп жазады Egemen.kz.

Белгілі бапкер Жәнібек Әлімханұлының мансабына қатысты пікір білдірді

Фото: instagram/janibek_alimkhanuly

Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Жұмабек Өмірзақов sportarena.kz сайтына берген сұхбатында Жәнібек Әлімханұлының енді ірі жекпе-жектер өткізбеуі ықтимал екенін айтты. 

«Жәнібек мельдоний препаратын қолдану туралы ойламаған болу керек. Меніңше, оған бұл ұсынысты командаластары жасады немесе бір жерден естіді. Себебі кубалық қабылан Эрисланди Лараға қарсы 12 раунд бойы жұдырықтасу үшін кардио керек. Ал Жәнібек толық жекпе-жекке төтеп бермейтінін сезді. Лараның бойында кубалық бокс мектебінің шеберлігі қалыптасқан әрі 42 жасқа дейін жиған тәжірибесі бар. Енді Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасуға ешкім келісім бермеуі мүмкін. Бұл әрекетімен ол өзінің мансабын тығырыққа тіреді», деді Жұмабек Өмірзақов.

Айта кетейік, Әлімханұлының нақты допинг қолданған-қолданбағаны зерттеліп жатыр. 

«Qazaq Style» командасы бұл жаңалықты естігінде таңғалғанын жасырмады.

Ал еліміздің Спорт және туризм министрлігі мәселеге араласып, қажетті шараларды орындау үшін отандасымызға қолдау көрсететінін мәлімдеді. 

Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті де допинг дауына қатысты пікір білдірді.