Ипотека • Бүгін, 10:44

2025 жылы ипотека рәсімдеу тиімді бола ма?

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық банк ипотекаға жаңа талаптар әзірлеп жатыр, ол бойынша банк шарттары күшейеді. Ал жылжымайтын мүлік бағасы күннен күнге өсіп келеді. Бұл жағдайда не істеу керек: ипотеканы қазір рәсімдеген дұрыс па, әлде күткен жөн бе? 

2025 жылы ипотека рәсімдеу тиімді бола ма?

Фото: ашық дереккөз

Krisha.kz банктердің қазіргі шарттарына, Ұлттық банктің жоспарларына және сарапшылардың болжамдарына талдау жүргізді.

2025 жылы ипотека нарығы қысымға ұшырады. Базалық мөлшерлеме көтерілгеннен кейін екінші деңгейлі банктер ипотека беруді уақытша тоқтатты. Кейін қайта іске қосып, талаптарын өзгерткен еді. Тек Отбасы банкі ғана несие беруді бұрынғы шарттармен жалғастырды.

Бірінші нарықтағы баспанаға (первичный рынок) ипотека рәсімдеу жеңілірек. Ал екінші нарықтағы (вторичный рынок) баспанаға арналған ипотека кез келген банкте қолжетімді емес.

Бүгінде екінші нарықтағы тұрғын үйге несие ұсынатын бес банк қалды:

  • Halyk Bank

  • Банк ЦентрКредит

  • ForteBank

  • Altyn Bank

  • Отбасы банк

Қалған банктерде бағдарламалар шектелген немесе уақытша тоқтатылған.

Екінші деңгейдегі банктердің ипотека рәсімдеу кезіндегі шарттары келесідей:

  • Орташа мөлшерлеме – жылдық 22%;

  • Бастапқы жарна – 20%-дан бастап;

  • Мерзім – 20 жылға дейін.

Отбасы банк шарттары:

  • Мөлшерлеме – 3,5%-дан (тұрғын үй қарызы) 8,5%-ға (аралық қарыз) дейін;

  • Жинақ – депозитте 50%-дан бастап.

2026 жылы ипотекаға қандай өзгерістер енгізілуі мүмкін

Басты жаңалық – мөлшерлеме есептеу әдістемесі өзгеріп, жеке белгіленеді.

Мөлшерлеме төмендегі факторларға тікелей байланысты болады:

  • несие мерзімі;

  • бастапқы жарна көлемі;

  • қарыз алушының тәуекелі.

Мысалы, бастапқы жарна 20% және мерзім ұзақ болса – тәуекел жоғары, тиісінше мөлшерлеме де жоғары болады. Ал жарна 50–70% және мерзім қысқа болса – тәуекел төмен, мөлшерлеме азаяды.

 

Жаңа жүйе келесі жылдың шілде айынан бастап күшіне енуі мүмкін.

Жылжымайтын мүлік бағасының қазіргі жағдайы

Бағалар барлық ірі қалаларда тұрақты өсіп жатыр. 2025 жылғы тамыздан бастап жаңа құрылыстардағы пәтер бағалары ай сайын артып келеді.

Екінші нарықта да өсім байқалады, әрі пәтердің 1 квадратқа шаққандағы құны рекордтық деңгейге дейін өсті. Мәселен, Алматыда пәтердің орташа бағасы квадратына 803 380 теңгені құрайды.

Ипотеканы қазір алған дұрыс па, әлде күткен жөн бе?

Сарапшылардың пайымынша, алдағы айларда базалық мөлшерлемені төмендету жоспарда жоқ. 

«Жылдық 20–25% мөлшерлеме – ипотеканың жаңа шындығы. Пайыздық мөлшерлемені кейін қайта қаржыландыру арқылы өзгертуге болады, алайда бастапқы қарыз сомасын азайту мүмкін емес. Сондықтан қолайлы бағамен пәтер тауып, ай сайынғы төлем өз бюджетіңізге сай келсе – ипотеканы қазір алған дұрыс. Болашақта жағдай қиындай түседі, пәтер алу мүмкіндігі шектеледі», дейді Krisha.kz сату бөлімінің жетекшісі Имран Османов. 

Оның айтуынша, егер тиімді бағада пәтер тапсаңыз, алдын ала мақұлдаудан өтіп, ай сайынғы төлем қолайлы болса, 2026 жылғы жаңа баға өсіміне дейін үлгергіңіз келсе үй алуға болады. Егер Отбасы банкінде жинағының болып, ипотекалық тұрғын үй қарызына өтуді жоспарлап жүрсеңіз күткен жөн болады.