Экономика • Бүгін, 08:35

Жаңа мүмкіндік пен жүйелі өзгеріс

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміз индустриялық даму бағытын қайта екшеп, өңдеу өнеркәсібі мен шағын бизнестің жаңа кезеңіне қадам басты. Өнеркәсіптік саясаттың жаңа векторлары мен тың жобаларды қаржыландыруы, шикізатпен қамтамасыз етуге, арнайы экономикалық аймақтарды дамытуға, отандық өндірушілерді қолдауға қатысты бірқатар маңызды бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.

Жаңа мүмкіндік пен жүйелі өзгеріс

Соңғы үш жылда мемлекеттік да­му институттары жаңа өндіріс орындарын ашуда шешуші рөл атқарып келеді. 2022 жылдан бері жеңілдетілген несие арқылы 116 жоба қаржыландырылып, бұл мақ­сатқа 500 млрд тең­геден астам бюд­­­жет қар­жысы бағытталған. На­рық­­тан тартылған қаражатпен ара­лас­­тыра отырып, жалпы қолдау көле­мі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

– Бұл қолдау нақты нәтиже беріп отыр. Радиаторлар, автокомпоненттер, шұлық бұйымдары, лак-бояу өнім­дері, геосинтетикалық материалдар өндірісі жүйелі түрде іске қосылған. Бұл – импортқа тәуелділікті азайтуға бағыт­талған индустриялық сая­саттың айқын көрінісі, – дейді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Өңдеуші өнеркәсіптің негізгі мәселесі – шикізатқа қолжетімділік. Министр айтқандай, ірі өндірушілер енді алдымен ішкі нарықты толық қамтып барып қана экспортқа лицензия ала алады. Бұл механизм қазір мыс, алюминий, мырыш металдарына қолданылып отыр.

Жеңілдіктер деңгейі өңдеу те­рең­дігіне қарай, дайын өнімге – 5%, аралық өнімге 1% белгіле­неді. Механизм енгізілгелі 30 келісім жасалды. Жыл соңына дейін мыс – 40%-ға, алюминий – 20%-ға, мырыш өң­деу – 25%-ға артады деп жоспар­ланып отыр. Бұл – елімізді тек шикізат экспорттаушы ел ретіндегі бейне­сі­нен арылтып, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісін күшейтудің ба­йыпты қадамы.

Қазір елімізде индус­триялық инфрақұрылымды дамыту қарқын­ды жүріп жатыр. 16 арнайы эконо­микалық аймақта 10,4 трлн теңге инвестиция шоғырланған. 66 индустрия­лық аймақта құны 1,6 трлн теңге болатын 305 жоба жүзеге асырылған. Бұған қоса шағын және орта бизнеске арналған өнеркәсіптік аймақтар құру тәжірибесі кеңейіп келеді.

Қазір 34 шағын аймақтың 25-інде 44 шағын кәсіпорын жұмыс іс­тейді. Ведомство алдағы уақытта инду­с­триялық аймақтарды басқа­ру­дың жаңа тетіктерін енгі­зіп, инфра­құры­лымды әртараптан­дырыл­ған қаржы­ландыру арқылы дамытуды жоспар­лап отыр. Бұл – өңірлерде жаңа өндіріс орындарының ашылуына әрі кәсіпкерліктің серпінді дамуына мүмкіндік тудырады.

Кейінгі жылдары мем­лекеттік және квазимем­лекеттік сектордың са­тып алу жүйесінде отандық өндіру­ші­лерді қолдау бағыты күшейе түсті. Мемле­кеттік сатып алуда отан­дық өнімдер тізімі 485 позицияға дейін кеңейтілді. Нәтижесінде, отандық өндірушілермен келісімшарттар көлемі 1,5 есеге өсіп, 418 млрд теңгеге жетті.

«Самұрық-Қазына» қоры сатып алуларында ұзақ­мерзімді шарттар бойынша басымдық тетігі күшейтілген. Он айда отандық компаниялармен 1,3 трлн теңгеге оффтейк пен ұзақмерзімді ке­лісімдер жасалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,3 есеге көп.

Жер қойнауын пайдала­нушы­лар­ға қатысты 1 шіл­деден бастап биржа арқылы стандартталмаған тауарлар сатып алу тоқтатылды. Сатып алу платформасы – Tizilim жаңғыртылып, отандық өндірушілердің қатысуына қолайлы жағдай жасалды.

Осында келтірілген деректер еліміздің өнеркәсіптік дамуды жаңа деңгейге шығаруға бағытталғанын көрсетеді. Негізгі басымдықтар ай­қын – жаңа өндірістерді қаржыландыру, шикізатқа қолжетімділік пен өңдеу тереңдігін арттыру, аймақ­тарда индустриялық инфра­құрылымды күшейту, сатып алуларда отандық кәсіп­орындарға басымдық беру.

Бұл шаралар ел экономи­касының тұрақтылығын күшейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашады, өңдеуші өнеркәсіптің үлесін арттырады әрі еліміздің өнеркәсіптік тәуелсіздігін нығайтады.