Аймақтар • Бүгін, 08:05

Қаныш қаласы көркейіп келеді

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ұлытау облысы, Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев баспасөз турын ұйымдастырып, журна­листерді абаттандыру жұмыстарымен, жаңар­тылған жаяу жүргіншілер жолдары, автотұрақтар, балалар мен спорт алаң­дары, аллеялар және сая­бақ­тармен таныстырды.

Қаныш қаласы көркейіп келеді

Қаланың бүгінгі кел­беті тұрғындарға қо­лайлы, қауіпсіз, заманауи орта құру бағытында бірқатар жұмыс атқарылғанын анық аңғартады. Атап айтсақ, қала­ның төменгі бөлігіндегі аула аумақтары абаттандырылды. 16-шағын ауданның аула жолдары мен кіреберістеріне 14 000 шаршы метрден астам асфальт төселді. Бес қоқыс алаңы жаңартылып, евроконтейнерлер орнатылды. Жаңадан үш балалар ойын алаңы жасалды. 64 жарық шамы мен екі жарық бағаны орнатылды. Қураған ағаштар кесілді. Жұмыстарды мердігер ұйым «Жас ұрпақ» ҚҚ уақытылы орындап шықты.

Қаланың 8, 9-шағын аудандарында мердігер «Ильдас» ЖШС 21 000 шаршы метр асфальт төседі. Бес балалар ойын алаңын салып, 72 жарық бағанын, тұрғындар демалатын 74 орындық, қоқыс жәшіктерін орнатты. Сегіз контейнер алаңы абаттандырылды.

о

15В-шағын ауданның абаттандыру жұмысын «Аслан Құрылыс KZ» ЖШС атқарды. Аула жолдары мен кіреберістерге 8 872 шаршы метр асфальт төселді. 30 жарықтандыру бағаны орнатылды. 65 – 67 үйлердің арасындағы балалар ойын алаңы жабдықталып, төрт қоқыс контейнерлері алаңы абаттандырылды.

Қаладағы «Ертегі» балабақ­шасы мен жалпы білім беретін №25 мектептің автотұрағы салынды. №25 мектеп жанындағы жаяу жүргінші жолы жаңадан жасалды. №27, №14 мектептердің, «Ертегі», «Нұрбөбек» балабақшалары маңындағы жаяу жүргіншілер жолдары мен автотұрақтар абаттандырылды. Бұл жұмыстарды «Аслан Құрылыс KZ» ЖШС атқарды. Ескі үйлердің аулаларында балалардың ойын алаңы қолданысқа берілді. Барлығы 38 жаңа ойын алаңы салынды.

п

Қала ортасындағы «Оқушы­лар» аллеясы ерекше көз тартады. Мұнда «Ильдас» ЖШС ауқымды құрылыс-абаттандыру жұмысын жүргізді. Жаяу жүргіншілер жолына төсемтас, балалардың ойын алаңына жара­қат алу қаупін азайтатын тартан жабындысы төселді. Футбол алаңының қоршауы ауыс­тырылды. Сирень бұталары мен емен көшеттері отырғызылып, суару жүйесі тартылды. Жаңа жарық шамдарының тіректері, саябақ шамдары орнатылды. «Білім баспалдағы» инсталляциясы, амфитеатр сахнасы оқушылардың түрлі іс-шара өткізуіне қолайлы. Аллея балалар ғана емес, ата-аналар мен тұрғындардың да серуендеп, демалатын орнына айналған.

«№25 мектептің артқы аумағы көп жылдан бері қараусыз қал­ған, пайдаланылмаған бос алаң болды. Биыл алғаш рет осы жерге «Оқушылар» аллея­сын аштық. Мақсатымыз – оқушы­лардың уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуіне, спортпен, шығар­машылықпен айналысуына мүм­кіндік жасау. Алдағы жылдан бастап барлық келушілерге тегін Wi-Fi желісі қолжетімді болады», дейді қала әкімі М.Бөрібаев.

«Тағзым» алаңы – ұрпаққа халқымыздың талайлы тарихынан сыр шертетін орын. Өкінішке қарай, бұл нысанды қа­лыпқа келтіру жұмысы бірнеше жылға созылған. Соңғы үш жыл ішінде мердігер ұйымдар өздеріне жүктелген міндеттемелерді орындамай, жұмысты толық аяқтамаған. Сол себепті заң аясында жұмыс жүргізілген. Биыл бұл маңызды істі басқа мердігер ұйым қолға алып, жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауға бар күшін жұ­мылдырды. Алаңның келбеті жаңарып, келушілерге қолайлы жағдай жасалды. Мемориалдық кешен қоршалып, алаң ішіне төсемтас төселді. Жарық шамдары орнатылып, жасыл желек отырғызылды. Ескі суару құбыры тексеріліп, жаңа жаңбырлатып суару жүйесі орнатылды. Сөйтіп, жаңарған алаң еліміздің тарихына тағзым етуге арналған рухани орынға айналды.

Ерден көшесіндегі аллеяның ұзындығы 250 метр, Қалмағамбе-тов көшесінен «Жанұя» дүкеніне дейінгі аралықты алып жатыр. Абаттандыру барысында 120 тал егілген. Үстел теннисі, балалар ойын кешендері, әткеншектер, спорттық тренажерлер, заманауи орындықтар қойылған. Жұ­мыстарды «Kozmodrom» ЖШС атқарып шыққан.

Қаланың орталық алаңы да абаттандырылған. Алаңдағы сағат стелласының жаяу жүргіншілер жүретін екі қапталына екі субұр­қақ орнатылып, жұмыс істе­мейтін ескі субұрқақ алынып тасталды. «Универсам» дүкені алдындағы аллея, «Жастар» сая­бағы көгалдандырылды, жаяу жүргіншілер жолына төсемтас төселді. Маңайы сәндік элементтермен безендіріліп, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылды. Жаяу адам жүретін жол бойына жарық жүйесі орнатылды. Талдарды күтуге тамшылатып суару жүйесі тартылды. Алдағы уақытта саябақтың ортасына қойылған жәшіктерге гүл егіледі.

Өкінішке қарай, қалада жаңа­дан салынған ауладағы балалар ойын алаңының жабдығын сындыру, саябақтағы шамдарды ұрлау, қоқысты кез келген жерге тастап кету оқиғалары азаймай тұр. Осыған орай аулалардың тазалығын, тыныштығын сақтау мақсатында 50-ге жуық жаңа бейнекамералар орнатылды. Енді әрбір аула – заманауи техно­логияның қырағы назарында. Бұл бақылау қатты тұрмыстық қалдықтарды лақтырып кеткен тұрғындарды әшкерелеуге, тазалықты сақтауға, қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді. Күмәнді әрекеттерді анықтап, дер кезінде ескерту жасауға мүмкіндік береді.

 

Ұлытау облысы,

Сәтбаев қаласы 

Соңғы жаңалықтар