«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ашылған бұл кешен болашақ жастардың бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастыруды көздейді.
«Этно ауыл» – халқымыздың бай дәстүрін дәріптейтін, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтатын мәдени орта. Бұл кешен көне ғұрыптарымыз бен бұйымдарымызды, бабаларымыздың тұрмыста қолданған заттарын қайта жаңғырту мақсатында ашылған.
Кешеннің ашылу салтанатына облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов және ауыл тұрғындары мен мектеп ұжымы қатысты. Алғашқы болып сөйлеген білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков қазақы дәстүрлердің қайта жаңғыру үрдісіне тоқталып, мұндай кешендердің санын көбейту керектігін айтып өтті.
– Облысымызда «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Соның бірден бір дәлелі осы «ЭTNO – AUYL» кешені. Бұл кешен болашақ ел азаматтарын ұлтжандылыққа, отанға деген адалдыққа тәрбиелеуге өз үлесін қосады деп сенемін. Әр іс-шараның артында үлкен еңбек жатқаны сөзсіз. Сол себепті «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп, осы кешенді ашу жолында аянбай еңбек еткен ауыл азаматтарына өз алғысымды білдіремін. Сіздердің адал атқарған істеріңізді көрген бүгінгі оқушылар ертеңгі күні мұндай орындардың көркею қарынына үлес қосары белгілі,– деді Нұрбек Әбубекұлы.
Әрі қарай кешеннің лентасы қиылып, мектеп ұжымы реквизиттерді толық таныстырып өтті. Сонымен қатар Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлығаш Қадырқызы мен шәкірті Ақниет Ахмат «құндылықтар» көрмесіне саяхат жасады. «Өнегелі әжелер» тобы «Ауылым» әнін шырқап, қариялар ән ырғағына қосыла билеп, шараны көтеріңкі көңіл-күйде өткізді.
Мұнан соң мектеп оқушыларынан құралған домбырашылар тобы «Ертұран» күйін орындап, балуандар бел алысып, облыс жеңімпазы болып жүрген оқушылар асық ату ойынын көрсетіп, арқан тарту, алтыбақан секілді қазақы ойындар да көрініс тапты.