Фото: naryk.kz
Биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында республикада 1 250 экологиялық іс-шара өткізілген. Шара барысында 2,8 млн-нан астам ағаш отырғызылған. Сондай-ақ 1 млн гектардан астам жер тазартылып, шамамен 800 мың тонна қалдық жиналған.
Заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы бағытта құқық қорғау органдарымен бірлесе 1 300-ден астам мобильді топ қызмет атқарады. Биыл ғарыштық мониторинг арқылы 3 833 полигон анықталып, олардың 80%-ы жойылған. 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 12,4 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.
Қоршаған ортаны тазарту ісінен қоғам да бей-жай қарамаған. Жыл басынан бері @TazaQazBot телеграмм-чат платформасы арқылы 24 мыңнан астам өтінім түсіп, оның 23 мыңнан астамы орындалған. Мұнда келіп түскен өтініштердің басым бөлігі ауланы тазарту, абаттандыру, тұрмыстық қоқысты шығару мен жолдарды жөндеуге байланысты болған.
«Таза Қазақстан» бастамасындағы негізгі аспектілерінің бірі – қалдықтарды өңдеу. Өңірлердің экологиялық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға арналған (ҚТҚ) 8 жаңа полигон пайдалануға берілген. Қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша, оның ішінде кәдеге жарату алымынан түсетін қаражат есебінен жалпы құны шамамен 89,4 млрд теңгені құрайтын 22 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асыру сатысында тұр.Тағы 40 жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы, Кешенді жоспарда қатты тұрмыстық қалдықтар бойынша 100 полигон салу көзделген.
Премьер-министр жұмыс қарқыны баяу Абай және Ұлытау облыстары әкімдерін тыңдады. Аталған өңірлерде полигондардың 36% және 53%-ы ғана жойылған. Олжас Бектенов өңір әкімдеріне тұрмыстық қатты қалдықтарға қатысты жағдайды түзету бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Жетісу облыстарының әкімдіктері жыл соңына дейін заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмыстарын аяқтап, полигондар құрылысын жеделдетуі қажет.
Биыл шамамен 6,5 млн қазақстандық экологиялық акцияларға қатысты
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева экологиялық мәдениет қалыптастырудың жаңа тәсілдері туралы айтты. Бүгінгі таңда оқушылардың 87,2%-ы қосымша экологиялық білім алған. Олар үшін экология, биология, туризм, өлкетану және басқа да бағыттар бойынша клубтар мен үйірмелердің 380-ге жуық түрі жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта еліміздегі 35 жоғары оқу орнында экология саласы бойынша мамандар даярланады. 2025–2026 оқу жылында «Қоршаған орта» бағыты бойынша 2358 мемлекеттік грант бөлінген.
Орман қоры аумағында 2 млрд ағаш отырғызу мәселесі қаралды
Экология министрінің айтуынша, 2021–2025 жылдар аралығында республика бойынша жалпы ауданы 918,4 мың гектар алқапқа 1 млрд 470 млн ағаш егілген. Оның ішінде биыл 320 млн көшет отырғызылған.
«Семей орманының» жабық тамырлы көшеттер өсіру тәжірибесі Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай, Абай облыстарында қолданылып жатыр. Отандық ағаш тәлімбақтарында өсірілген көшеттердің өмір сүру деңгейі 90%-ға жетеді. Келесі жылдың басында сыйымдылығы жылына шамамен 6 млн көшет егуге жететін орман тұқымын өндіру бойынша жаңа 6 кешеннің құрылысы басталады.
Арал теңізінің құрғаған түбінде табиғи экожүйелерді қалпына келтіру жөніндегі халықаралық жоба шеңберінде Қазалы қаласында қуаттылығы 3 млн данаға дейін сексеуіл көшеттері бар тәлімбақ салынды. Құрғатылған теңіз түбінде тағы бір тәлімбақ салу және «Арал Орманы» резерватын құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты Ақмола, Ақтөбе және Қызылорда облыстары әкімдіктері басшылығының есебі тыңдалып, онда ағаш отырғызу және тұқым жинау бойынша кемшіліктер бары анықталды.
Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктер тәлімбақтар құру бойынша тиісті шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті. Бұл жағдайда егілген көшеттердің санына ғана емес олардың жерсініп кетуіне де назар аударылу керек.
Бақылауды күшейту үшін Премьер-министрдің төрағалығымен «Таза Қазақстан» Президент бастамасының жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізу жөніндегі орталық құрылады. Жауапты мемлекеттік органдар жүргізіліп жатқан жұмыс туралы ай сайын баяндап отыруы тиіс.
Жиында Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша сөз сөйледі.