Фото: Ашық дереккөз
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс – ұйым ішінде тәуекелдерді алдын алу мен басқарудың маңызды құралы. Ол қызметкерлердің әрекеттерін заң аясында реттеп қана қоймай, ұйымның беделін сақтауға мүмкіндік береді. Спикердің айтуынша, кез келген қызметкер өз әрекетінде мүдделер қақтығысы мен сыбайлас жемқорлыққа байланысты заңдарды білуге міндетті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ең бірінші кезекте ұйым мәдениеті мен қызметкерлердің адалдығын сақтаудың кепілі. Кез келген фактінің алдын алмаса, тек заң бұзу ғана емес, ұйым беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан барлық ішкі процестер, сатып алу, кадр және басқару қызметтері тиісті комплаенс стандарттарына сай жүргізілуі керек», дейді Ерсыл Жәрдемов.
Семинар барысында спикер Типтік базалық бағыт (ТБН-4) және ұйымдарда ішкі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау процедурасын егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның айтуынша, ішкі талдау ұйымның әлсіз және күшті тұстарын айқындап, ықтимал тәуекелдерді анықтауға мүмкіндік береді. Тек тәуекелдерді елемеу жағдайында ғана коррупция фактілері пайда болады.
«Ішкі талдау жыл сайын жүргізілуі тиіс. Құжаттар мен процестерді тексеру арқылы мүдделер қақтығысы, сатып алу тәртібі, кадрлық шешімдер мен басқарушылық әрекеттердегі кемшіліктер анықталады. Егер бәрі тәртіп бойынша орындалса, сыбайлас жемқорлық қаупі айтарлықтай төмендейді», деді спикер.
Мүдделер қақтығысы – сыбайлас жемқорлыққа тікелей ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Жәрдемовтың айтуынша, бұл тек туыстық қатынастарға ғана қатысты емес, қызметкердің өзіне қатысты компаниямен мәміле жасауы немесе ұйым ішінде шешім қабылдау кезінде жеке қызығушылыққа бой алдыруы да қақтығыс болып саналады.
Сондай-ақ спикер жаңа декларация түрлері мен заңнамалық өзгерістерді түсіндірді. Қазір басшылар мен олардың орынбасарлары үшін енгізілген декларациялар ұйымның ресми сайтында ашық жариялануы тиіс. Бұл басшылардың әрекеттерін қоғамдық бақылауға алып, ұйымның қаржылық және басқарушылық шешімдерін мөлдір етеді.
«Барлық ұйымдар мен қызметкерлер мүдделер қақтығысы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін дұрыс бағалап, комплаенс талаптарын орындауы қажет. Бұл ұйымның беделін сақтап қана қоймай, қоғам алдындағы сенімге де нұқсан келтірмейді», деп қорытындылады Ерасыл Жәрдемов.
Семинар соңында қатысушылар тәжірибелік кеңестер мен бағыттар бойынша пікір алмасты. Іс-шара комплаенс саласында нақты шараларды енгізу мен ұйым мәдениетін күшейтуге бағытталған маңызды қадам болды.