Фото: rakhimzhan_yerdenbekov/www.instagram.com
Оның айтуынша, федерация әрдайым халықаралық антидопинг стандарттарын қатаң сақтау қағидаттарын ұстанады. Рахымжан Ерденбеков бұл норма кәсіби боксқа деген сенімнің негізі әрі спорт әлемінің барлық өкілдері үшін міндетті дүние екенін айтты.
«Біз Жәнібек Әлімханұлының кәсіби беделіне, оның көпжылдық еңбегіне, ең жоғары деңгейдегі спортшының өмір салтына үлкен құрметпен қараймыз. Сол себепті ол әділ әрі мұқият тексерістен өтуге лайықты. Өз мансабы бойынша Жәнібек мінсіз спорт мәдениетін көрсетіп келеді, бірнеше мәрте сынамадан өтті және әрдайым адал әрі лайықты түрде жетістікке жететін спортшы екенін дәлелдеген», деді Рахымжан Ерденбеков әлеуметтік желідегі жазбасында.
Ол жағдайдың барлық аспектілері толық, жан-жақты әрі объективті зерттелуі керек екенін айтты.
Р. Ерденбековтің сөзінше, Қазақстан кәсіби бокс федерациясы халықаралық ұйымдармен байланыста және спортшыға қажетті барлық құқықтық, ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдауды көрсетуге дайын. Барлық қорытындылар тек объективті деректерге негізделуі тиіс.
«Қоғамды, БАҚ өкілдерін және спорт қауымдастығын дұрыс әрі байыпты әрекет етуге шақырамыз. Жәнібек Әлімханұлы – талай жыл бойы еліміздің атын әлемге танытып жүрген Қазақстан өкілі. Ол жорамалдарға емес, фактілерге негізделген әділ қатынасқа лайық», деді Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті.
Федерация жағдайдың даму барысын мұқият бақылап, ресми расталған ақпарат түскен сайын қоғамды хабардар етіп отырады.
Ел боксшысы 12 қараша күні допинг сынамасын тапсырған еді. Кейінірек WBO Жәнібек Әлімханұлының допинг дауына қатысты тексерісті бастады.
Айта кетейік, 7 желтоқсан күні отандасымыз, кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы үш белбеу үшін кубалық Эрисланди Лараға қарсы тарихи жекпе-жегін өткізуі керек еді.