Қоғам • Кеше

Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы науқан

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» жаһандық халықаралық науқан жүріп жатыр. Осыған орай ұйымдастырылған іс-шараның бірі Орталық коммуникациялар алаңында өтті.

Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы науқан

Сурет: ernur.kz

Біріккен Ұлттар Ұйымы биылғы науқанды «Барлық әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты жою» тақырыбына арнады. Өйткені қазір интернет алаңы қауіпті құралға айналды. Қаншама қыз-келіншек интернет алаяқтықтың құрбаны болып, қорлау, қудалауға тап болып отыр. Бұған қоса, гендерлік жалған ақпарат тарататындар көбейіп, әйелдерді қорлайтын рұқсатсыз фото-видео материалдар қоғамда наразылық тудыртып отыр.

БҰҰ деректеріне сүйенсек, әлемде әрбір үшінші әйел кемінде бір рет зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Қазір жаһанда түрлі қауіп-қатерден зардап шеккендердің саны 1,3 млрд-қа жуық адамды құрайды.

Осыған орай, Ұлттық комиссия әйелдер мен балаларды кибер зорлық-зомбылықтан қорғауды күшейтуге шақырды. Әйелдер істері және отбасы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары, Ұлттық құрылтай мүшесі Айман Омарова зорлық-зомбылық тек көшеде немесе отбасында емес, цифрлық әлемде де орын алып жатқанына алаңдаушылық білдірді.

«Кибер зорлық-зомбылық – қорлау, қорқыту, кемсіту, қысым көрсету, сталкинг. Мұның бәрі онлайн режімде жасалады. Ол физикалық зорлық-зом­былық сияқты адамдардың өмірін күйретеді. Өкінішке қарай, қазір журналистерге, заңгерлерге, тіпті саясаткерлерге қатысты да мұндай жағдайлар жиілеп кетті. Интернеттің қорқыныш емес, еркіндік кеңістігіне айналуы үшін бәріміз бірге жұмыс істеуіміз қажет», деді заңгер.

Ол мемлекеттік органдар, бизнес-құрылымдары, медиа өкілдері мен әрбір азамат осы мәселеге бейжай қарамау қажеттігін айтты.

Ал депутат Қарақат Әбден кішкентай балалары бар ата-аналарға қысқартылған режімде жұмыс істеуге жағдай жасау керек деген пікірде.

«Гендерлік зорлық-зомбы­лыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» күндері – әр әйелдің, әр баланың тағдырына қарауға шақыратын күндер. Өйткені зорлық деген тек бір үйдің ішіндегі мәселе емес, зорлық – бүкіл қоғамның жанын ауыртатын, елдің болашағына әсер ететін нәрсе. Сол себепті Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы аясында нақты қадам жасалды. Ішкі істер құрылымында тұрмыстық зорлыққа қарсы күреспен айналысатын арнайы бөлімше құрылды. Бұл бөлімшеде істейтін қыз-келіншектердің еңбегі де өте ерекше. Көбіне олар түнде де, демалыссыз да жұмыс істейді. Мұндай ауыр жұмысты әркім істей алмайды. Әрқайсысы – бір қыз, бір ана, бір отбасын қорғап жүрген шын батыр», деді депутат.

Оның айтуынша, осындай қызмет­керлердің жалақысын көтеріп, оларды баспанамен қамтамасыз ету қажет. Кейінгі жылдары Парламент зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы күшейтті. Бұрын тек ескерту беріле­тін кейбір әрекет­терге қазір қыл­мыс­тық жауапкершілік қарастырыл­ған. «Сталкинг» деген ұғым енгізілді. Агрессор­­ларды міндетті түрде коррек­цияға жіберу көзделген. Яғни жазалау ғана емес, оның мінез-құлқын түзетуге бағытталған шаралар қабылданды.

Қазір науқанға еліміздің 10 мыңға жуық полиция қызметкері тартылған. 100 мыңға жуық кеңес берілді. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Әлібек Кеңіспаевтың айтуынша тәуекелі жоғары отбасылар полицияның ерекше бақылауына алынған.

«Заңнамалық өзгерістер, оның ішінде ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіргендерді қылмыстық жауапкершілікке тарту нақты нәтиже көрсетті. Тұрмыста ең қауіпті қылмыстар саны айтарлықтай азайды: аса ауыр қылмыстар – 24, ауыр қылмыстар – 7, кісі өлтіру – 26, ден­саулыққа ауыр зиян келтіру – 11 па­йыз, орташа ауырлықтағы қылмыстар – екі есеге жуық. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу жұмысы да күшейтілді. 87 мыңнан аса құқық бұзушы жауапқа тартылды, 26 мыңнан астамы қамауға алынды, 77 мыңнан аса қорғау ұйғарымы шығарылды, соттар агрессорлардың мінез-құлқына қатысты 17,5 мың ерекше талап белгіледі», деді спикер.

25 қарашада басталған науқан 10 желтоқсанға дейін жалғасады. 

Соңғы жаңалықтар