Облыс көлемінде қанат жайған жұмыстың жай-жапсарын облыс әкімі Дастан Рыспеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтып берді. Биыл бірінші жартыжылдықта жалпы өңірлік өнім көлемі 1 трлн теңгені құрап, 1,1 пайызға өскен. Жан басына шаққанда бұл көрсеткіш 4,6 млн
теңгені құрайды. 10 айдың қорытындысында көлік, құрылыс, тұрғын үйді пайдалануға беру, инвестиция, сауда, ауыл шаруашылығы салаларында оң динамика байқалады. Алайда өнеркәсіп саласының деңгейі төмендеген. Мұның себебін облыс әкімі Жомарт кенішінде ақпанда болған апатпен байланыстырды. Сол оқиғадан кейін жұмысы уақытша тоқтаған кеніштің салдары өнеркәсіп саласындағы жалпы үлеске әсер еткен. Бүгінде кеніште жұмыс қайта басталған.
«Биыл облыс бюджетінің кірістері 29,7 млрд теңгеге, яғни 20%-ға ұлғайды. Мұндағы әлеуметтік саланың үлесі 50%-ды құрайды. Сәйкесінше, барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалып жатыр. Сонымен қатар бюджеттің меншікті кірістері былтырмен салыстырғанда 15,6 млрд теңгеге артты. Үлесі 51%-ға жетті. 2023 жылы бұл көрсеткіш 42% шамасында болған еді. Инвестиция – экономиканың тұрақты, сапалы өсімінің кепілі. Былтыр экономиканы әртараптандыру аясында облыста құны 34 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба іске қосылды. Биыл 138 млрд теңгеге 17 жаңа инвестициялық жоба іске аса бастады. Соның ішінде мұнай базасының құрылысы, жел электр стансасы, респиратор шығаратын зауыт құрылысы толығымен аяқталды», деді Д.Рыспеков.
Бүгінде облыста 2028 жылға дейін жалпы құны 920 млрд теңгеге тең 25 ірі жобаны қамтитын пул қалыптастырылған. Бұл қадам 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Экономиканы әртараптандыруды жеделдету мақсатында Сәтбаев қаласында индустриялық аймақ құрылды. Соның аясында жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын 3 жоба пысықталып жатыр. Нәтижесінде, 100 жұмыс орны құрылады. Биыл инфрақұрылым тарту жұмысы басталып, келер жылы аяқталады. Келешекте жобалар іске асса, шағын және орта өндірістер белдеуін қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға септеседі. Сауда-көлік байланысын күшейтуге, қаланы бір бағытта ғана дамудан арылып, экономикасын әртараптандыруды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Ұлытау облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – экономиканың негізгі бағыттарының бірі. Қазір мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкерлік саласында өсім байқалады. Мысалы, жыл басынан бері шағын және орта кәсіпкерліктің араласуымен 160,6 млрд теңгенің тауары өндірілді. Облыс құрылған мезгілде бұл көрсеткіш айтарлықтай төмен болатын. Тағы бір жағымды жаңалық, «Атамекен» ҰКП рейтингінде Ұлытау облысы шағын бизнеске ең қолайлы үш өңірдің қатарына енген. Соның бір тетігі ретінде айтсақ, биыл жас кәсіпкерлерге 195 қайтарымсыз грант берілген. Жастар мемлекеттен қаралған грантқа түрлі кәсіп бастап жатыр.
«Биыл өңірде жалпы сомасы 3 млрд теңге болатын 75 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылды. Одан бөлек, әлемдік, отандық брендтер франшизасының саны өсті. Бұл бағыттағы жұмыстар облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырады. Бастамалар кезең-кезеңімен жалғасады. Айрықша атап өтерлігі, Жезқазған қаласында 25 жылдан астам қараусыз, иесіз тұрған тоқыма фабрикасының ғимараты мемлекет меншігіне қайтарылып, кәсіпкерлерге қолайлы орта жасау мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынды. Ғимарат жаңғыртылып жатыр. Оған тартылған инвестиция көлемі 1 млрд теңгені құрайды», деді өңір басшысы.
Облыс экономикасын әртараптандыруда негізгі бағыттардың бірі – агроөнеркәсіп кешені. Бүгінде облыс халқын өңірдің өзінде шығарылатын өніммен қамтамасыз ету мақсатында Жезқазған қаласында жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы, Жаңаарқа ауданында мал шаруашылығы кешені мен мал сою цехы іске қосылған. Бұл бағытта биыл жалпы құны 17 млрд теңге болатын 10 жоба іске асып жатқан болса, құны 8 млрд теңге болатын 7 жоба жыл соңына дейін аяқталады. Жалпы, биыл Ұлытау ауданындағы 400 га алқапқа суармалы дақылдар мен көкөніс өсіретін кәсіпорын, Жезқазған қаласында 5 000 бастан асатын қой шаруашылығы фермасы ашылған. Сондай-ақ Жезқазған қаласында 500 га аумақта суару жабдықтарын қолдана отырып, мал азығын егу жобасы, Жаңаарқа ауданында 367 га аумақта мал азығын егу жөніндегі 2 жоба іске асты.
«Облыс әлеуметтік азық-түлік тауарларының бірнеше түрінен, атап айтар болсақ, сиыр еті, бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай нанымен өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар инвестициялық жобалардың нәтижесінде тауық жұмыртқасымен қамтамасыз ету 0-ден 40%-ға жетті. Келер жылы қосымша тауық етімен, картоппен ішінара қамтамасыз ету жоспарланған. 2022 жылы облыс аумағында суармалы құрылғыларды қолданатын егістік алқаптар болмады. Бүгінде бұл көрсеткіш 1,7 мың гектарға жетті. Мұнымен шектелмей, 2026 жылы егісті 2,5 мың гектарға дейін жеткізу жоспары тұр. «Ауыл аманаты» жеңілдетілген несие бағдарламасы аясында жыл басынан бері 700 млн теңгеге 100 жоба қаржыландырылды. Облыс құрылғаннан бері ауыл шаруашылығы саласына 8,5 млрд теңге инвестиция тартылса, оның 2,5 млрд теңгесі биыл құйылды. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 46%-ға өсті», дейді облыс әкімі.
Өңірде жыл басынан бері жаңа нысандарды құру, істеп тұрған нысандарды кеңейтудің арқасында 2 200 жұмыс орны ашылған, 8 200 адам жұмысқа орналасқан. Өңірдегі жұмыссыздық деңгейі – 4,1%. Бұл жалпы республикалық көрсеткіштен төмен. Биыл
ІІІ тоқсанның қорытындысында орташа жалақы 7,5%-ға өскен. 10 айда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны 3,1%-ға азайған.
Облыс құрылған алғашқы екі жылда инженерлік желілерді жаңарту бағытында ауқымды жұмыс қолға алынды. Нәтижесінде, биыл Жезқазғанда абаттандыру жұмыстары басталды. Облыс орталығының басты көшесі саналатын Алашахан даңғылында жаяу жүргіншілер аллеясы ашылып, жалпы саны 31 ойын алаңы салынды. 100 қоқыс контейнері орнатылып, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған 369 контейнер ауыстырылды. Бұдан өзге, «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен көпқабатты 40 тұрғын үйдің қасбеті жаңарған. Дамудың басты көрсеткіші ретінде қаланың бас жоспарына сәйкес Батыс ауданын ашу жобасы қолға алынды. Қазір сол аумақта көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, ғимараттар жоспарланып, бой көтеріп жатыр. Атап айтар болсақ, оқушылар сарайы, емхана, 320 орындық балабақша, 900 орындық мектеп, спорт кешені, мұз аренасы мен бассейн салынады.
Баяндамадан соң журналистер өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қатысты сұрақтар қойды. Бізбен, «Еуразия» арнасының тілшісі қойған сауалдың мазмұны ұқсас болды. Білгіміз келгені – «Жомарт» кенішінде тіркелген апаттың салдарымен күрес жұмыстары, кеншілердің қауіпсіздік шаралары. Есте болса, ақпанда кеніште жеті кенші қайтыс болған еді.
«Оқиғадан кейін Үкіметтік комиссия құрылып, екі айға жуық уақыт тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, 45 іс-шарадан тұратын жұмыс жоспары бекітілді. Бүгінде 29 тапсырма орындалып, 16 іс-шараға қатысты жұмыстар жалғасып жатыр. Оның ішінде ғылыми зерттеу жұмыстарынан бөлек, демонтаж жұмыстарына қажет құралдарды жеткізу, мамандарды оқыту мәселесі бар. Қазірде кеніште газдың бар-жоғын тәулік бойы анықтайтын құралдар орнатылған. Ауаның құрамын үнемі тексеріп отыратын зертхана да бар. Сондай-ақ қауіпті аймақтардың картасы әзірленді. Кеніш 5 ай бойы жұмыс істеген жоқ еді. Осы аралықта кәсіпорын кемшіліктерді реттеп, жұмысты қайта бастады. Қайтыс болған кеншілердің отбасына мемлекет, жергілікті атқарушы органдар, «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан тиісті көмек көрсетілді», деп түйіндеді облыс әкімі Д.Рыспеков.