Шынында, мұндай беделді халықаралық комитетке екінің бірі қабылданбайды. Бұл шешім Аиданың кәсіби даярлығы мен ғылыми әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Бір жағынан, жас зерттеушінің лингвистика саласындағы жүйелі еңбегінің жемісі деп білеміз.
Былтыр ол халықаралық олимпиадаға тәуелсіз автор ретінде тапсырма ұсынып, кәсіби қауымдастықты бірден өзінің ғылыми жұмысының нақтылығымен әрі тереңдігімен тәнті етті. Оның жұмысы жеке турдың ресми жинағына еніп, қатысушылардың таңдауымен «Solvers’ Choice Award» марапатына ие болды.
Аиданың отандық олимпиадалық қызметі де назар аудартады. 2023 жылдан бері ол республикалық лингвистика олимпиадасының тапсырмаларын әзірлеп, қазылар алқасының жұмысына және ұлттық құрама резервін дайындауға тұрақты түрде қатысып келеді. Оның әзірлемелері бізден тыс елдерде де сұранысқа ие болып, Үндістандағы жинақтарға және IOL іріктеу турларына енген. Сондай-ақ жас маман «QazGO» география олимпиадасы мен Неміс лингвистика олимпиадасының (DOL) комитет мүшесі.
Оқушы кезінен білімдарлығымен көзге түскен талапты жас ел атынан «IOL», «iGeO» және «EGeO» халықаралық олимпиадаларында бақ сынап, жүлделі орындарды иеленді. Бүгінде ол жаттықтырушы ретінде де нәтижелі еңбек етіп жүр. Оның шәкірттері Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында жоғары жетістікке қол жеткізіп, биылғы халықаралық додада құрмет грамотасымен марапатталды.
Қазір NIS түлегі Германияның Тюбинген университетінде компьютерлік лингвистика бағытында білім алып жатыр. Аиданың халықаралық тапсырмалар комиссиясындағы жаңа рөлі – кәсіби өсудің келесі кезеңі. Бұл мүмкіндік оған жаһандық лингвистикалық қауымдастықтың дамуына үлес қосып, елімізді сарапшылық деңгейде таныстыруға жол ашады.