Білім • Кеше

Қордың нақты қолдауы

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған «Қазақстан халқына» қо­ғам­дық әлеуметтік қоры­ның қолдауымен Теміртау қаласының 30 мектебінде заманауи спорт алаңы ашылды.

Қордың нақты қолдауы

Ашылу салтанатына облыс әкі­мінің орынбасары Әлібек Әлденей, қордың басқарма төр­ағасы Ләззат Шыңғысбаева, Қам­қор­шылық кеңес мүшесі, Мәжі­ліс депутаты Мұрат Әбенов, облыстық білім басқар­ма­сының басшысы Дулат Жекебаев, қала әкімі Ғалым Әшімов, оқу­шы­лар мен ата-аналар, спортшылар қатысты.

Салтанатты жиын барысында қонақтар №8 және №17 жалпы білім беретін мектептердегі жаңа спорт және оқу инфрақұрылымымен танысты, сондай-ақ «Балалар тех­нопаркінде» болды.

«Қазақстан халқына» қоры­ның басқарма төрағасы Ләззат Шың­ғыс­баеваның айтуынша, Қарағанды облысына бөлінген 4,7 миллиард теңгенің 700 миллионы медицина мен әлеуметтік саланы дамытуға, ал 4 миллиарды білім саласына бағытталса, оның 2,4 миллиарды Теміртау қа­ла­сының 30 мектебінде жаңа спорт алаңдарын салуға, қа­жет жабдықтарды сатып алуға жұм­сал­ған.

Құрышшылар қаласындағы №8 жалпы білім беретін мек­теп екі жоба аясында қаржылан­дырылып, жалпы сомасы 110,5 миллион теңге болды. 2024 жылы «QH – Қараған­ды облысының мектептерінде «Білім-инновация» ли­цейлерінің тәжірибесін енгізу» жобасы аясында мектептің фи­зика, химия және биология пән­дерінің кабинеттері зертханалық, интерактивті және компьютерлік жабдықтармен қам­та­масыз етіл­ді. Жобаның құны – 35,9 миллион теңге.

Мектеп директоры Гүлбарам Үсенова келген қонақтарды жаңар­тылған пән кабинеттерімен таныс­тырып, одан кейін сырттағы жаңа спорт алаңының ашылу салтанатын өткізді.

а

«QH – Теміртау қаласының білім  ұйымдары оқушы­лары­ның дене шынығуын дамыту» жобасы аясында құны 74,5 миллион теңге болатын спорт алаңында футбол алаңы, 2/1 үлгі­сіндегі волейбол-баскетбол ойын алаңы, жаттығу аймағы, сондай-ақ көше тренажерлары мен воркаут кешені бой көтерді.

Сонымен қатар «Балалар тех­но­паркінде» 10 оқу шеберханасы мен зертханалары: «Жасыл мектеп», «Жасанды интеллект», роботтехника және пилотсыз көлік зертханалары, бастапқы техникалық модельдеу, кеме және автоүлгілеу шеберханалары, телестудия кабинеттері ашылды. Бұл жобаның құны 221,5 миллион теңгені құрады.

Қаладағы №4, №10, №17, №27 және №29 мектептеріне хоккей корттары сыйлық ретінде орнатылды. Теміртау мектептеріндегі спорт алаңдарын салу жобасын «Батыр боламын» қоғамдық қоры атқарды.

№8 мектептің спорт алаңы­ның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей сөз алып, «Пре­зи­дентіміз әрқашан елімізде адами капиталды дамытуға назар ауда­рады. «Қазақстан халқына» қоры­ның осы жобасы Теміртау оқушы­ларының жан-жақты білім алып, спортпен шынығуына мүмкіндік береді», деді.

Спорт кешенінің лентасын Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов, Қамқоршылық кеңес төрағасының орынбасары Гаухар Бейсеева және 10-сынып оқушысы Арысұлан Қожамұратов қиып, ардагер ұстаздар шашу шашты.

Ашылу рәсіміне арнайы келген бапкер, мектеп түлегі, каратэ спортынан әлем чемпионы, қара белбеу иегері Нұрсұлтан Қожамұратов шәкірттерімен өнер көрсетті.

№17 мектеп те «Қазақстан халқына» қорынан 142,8 мил­лион теңге қаржылай қолдау алып, пән кабинеттерін жаңартты және спорт алаңын салуға мүмкіндік алды.

«Балалар технопаркі» жұмыс істеп тұрған 6 үйірмеге жаңа құрал-жабдықтар сатып әперіліп, инженерлік бағытта тағы 4 үйірме ашылды, оған мамандар арнайы оқытылды. Қор тірек мектептер мен ерекше балаларға арналған мектеп-интернатқа да қажетті құрал-жабдықтар мен спорт алаңдарын салуға көмек көрсетті.

Бұл жобаның нәтижесінде Теміртау қаласының білім сапасы 3,1 пайызға өсіп, 56,9 пайызды құрады. 2024–2025 оқу жылының түлектері арасында 28 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 52 оқушы үздік аттестат алды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге 927 түлек қатысып, 201-і мемлекеттік грантқа ие болды, оның ішінде техникалық мамандықтарға оқуға түскендер де бар.

Жобаның арқасында қала­ның 30 мектебі жаңа футбол алаң­дары, бас­кетбол-волейбол аймақтары, воркаут кешендері және хоккей корттарымен қам­тыл­ды. Жаңа спорттық және оқу ин­фра­құрылымы 24 мың оқушыға арналған, олар тұрақты жатты­ғулар өткізіп, түрлі жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.

Жалпы Қарағанды облы­сын­дағы жеті қосымша білім беру ұйымы да жаңа техни­калық жабдыққа ие болды. Олар инженерлік дағды­лар­ды, роботтехниканы және ғы­лыми-техника­лық шығарма­шы­лықты дамытуға арналған STEM-техника­мен толық жарақ­тан­дырылды. Өңір бойынша 35 үйірме жаңарты­­лып, роботтехника, бағдарламалау, 3D-модельдеу және киберспорт бағыттарын қамтитын 21 жаңа үйір­ме ашылды.

– Біз зертханаларды жа­ңар­тумен қатар, педагогтердің даярлығына да жіті көңіл бөліп отырмыз. Қазір мұғалімдер менторлық қолдау алуда. Оқу­шылар сарайында алты үйірме толық жаңғыртылып, тағы төр­теуі ашылды, – деді «Қазақстан халқына» қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева.

«QH. «Білім-Инновация» лицей­лерінің тәжірибесін енгізу» жобасы аясында Қарағанды облы­сының 86 мектебінде жаратылыс­тану пәндерінің зертханалары жаңартылды. Педагогтер зама­науи оқыту әдістемелерін меңгеріп, біліктіліктерін арттырды.

 

Қарағанды облысы,

Теміртау қаласы

Соңғы жаңалықтар