Қоғам • Кеше

Эпик ақынды еске алды

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Семей қаласында көрнекті ақын, Мем­лекеттік сый­лықтың лау­реаты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлы­ның 75 жыл­дығына арналған еске алу іс-шаралары басталды.

Эпик ақынды еске алды

Әлқисса, ақын туралы бірер сөз. Несіпбек орда бұзар отызға толмай тұрып қа­зақтың әйгілі ақыны Мұқағали Мақатаевтан бата алған. Ол – өлеңдері әнге ұласқан, толғаулары жыраулар сарынымен үндес, қара өлеңнің өрісін кеңейтіп, эпикалық кең тынысты поэ­малары арқылы Алаш тарихының алып панорамасын сомдаған, асқақтата жырлаған ақын.

«Өз жастығы мен жас творчествосына лайық үн аңғардым. Тілі жатық, ойы анық. Өлеңдерінен жасандылық байқалмайды, жастыққа тән от бар. Ағынан жарылып, таусыла талаптану, ізденіс бар. Қайсыбір жастарда ұшыраса бермейтін мүлде бір бөлек сарын еседі», дейтіні бар мұзбалақ ақын Мұқағалидың.

Міне, осындай шайырды шығар­ған қасиетті Абай топырағы туған перзентін еске алып, есімін ұлықтап жатыр. Әуелі облыстық Абай кітап­ханасында «Ұлт рухының жыршысы – Несіпбек Айтұлы» деген тақырыпта сыр-сұхбат өтті. Оған ақынның жары мен ұрпақтары, белгілі жазушы-ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай, күйші-ком­позитор Секен Тұрысбеков, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Айбек Нұғымаров, ақынның ауылдасы Нұрланбек Тоқтабаев, Абай облысының мәдениет, тіл­дерді дамыту және архив ісі басқар­масының бас­шысы Жанжігіт Омар­хан және ақынның көзін көрген замандастары мен зиялы қауым өкіл­­дері қатысып, тұлғаның өмірі мен шы­ғармашылығы туралы әңгіме өрбітті.

пр

Кездесуге ақынның балалық шағы өткен Баршатастан арнайы ауылдастары келіп, көрнекті қалам­гердің өнегелі өмірі мен жастық шағы жайында естеліктер айтты. Сондай-ақ кездесу барысында ақынның ізбасарлары Арман Шеризат пен Азамат Серікұлы арнау өлеңдерін оқыды.

«Іс-шара аясында ақын шығар­машылығына арналған «Ұлт рухы­ның жыршысы – Несіпбек Айт­­ұлы» атты кең көлемді кітап көр­­месі жасақталды. Көрмеге көрнек­ті тұлғаның кітаптары, басылым беттерінде жарияланған мақалалары, сондай-ақ ақынның жеке қорынан алынған кітаптар қойылды. Соны­мен қатар ақынның жары Манат Жүкенқызы мен ұлы Нұрат Несіп­бек­ұлы кітапхананың сирек қорына ақынның қолжазбаларын табыс­тап, жырлары кітапхана қорын толықтыра түсті», дейді кітапхана директоры Мерей Қарт.

Бұдан кейін ақын Несіпбек Ай­т­ұлын еске алуға арналған іс-шаралар «Ес-Аймақ» рухани орталығында «Сәуле ғұмыр» атты әдеби сазды та­нымдық кешке ұласты. Іс-шара­ға облыс әкімі Берік Уәли және мәдениет қайраткерлері, зия­лы қауым өкілдері, ақынның жары мен ұрпақтары қатысты. Шым­кент қаласының мәдениет күндері аясында облысымызға келген де­легация өкілдері де рухани кеш­тің құрметті қонағы болды. Кешті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізді.

Салиқалы іс-шарада сөз сөйлеген ай­мақ басшысы ақынның шығарма­шы­лық мұрасының ұлттық руха­ният­­­­тағы алар орны зор екенін айтты.

«Біз бүгін айрықша нысаналы кешке, игі іс-шараға жиналып отырмыз. Несіпбек ағаның қаламынан туған қайталанбас шығармалар қазақтың бірнеше буынының көкірегіне сәуле құйып, ұлттық рухын көтерді. Қаһар­ман тарихымызға деген перзент­тік мақтаныш сезімін оятты. Руха­нияттың қазынасын байытып, қазақ тілінің көкжиегін кеңейтті. 40-тан аса поэма жазып, қазақ батырларына өлеңмен ескерткіш қойды. Айтұлының өлмес шығармалары бұдан кейін қазақ жұртымен бірге ғасырлардан-ғасырларға жетіп, халқымыздың қадірлі қазынасы боларына бек сенемін», деді облыс әкімі.

Еске алу кешіне Астанадан арнайы келген Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құт­тықтау хатын жеткізді. Іс-шара бары­сында жазушы, филология ғылым­дарының докторы Тұрсын Жұртбай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, белгілі күйші Секен Тұрысбеков жүрек­жарды лебіздерін білдіріп, есте­лік­терін айтып, ақынға арналған жүрек тербетер жырлар оқыды.

Кеште «Дариға-ай» жастар театры ақынның шығармашылығы-на арналған қойылым ұсынды. Дәс­түрлі әншілер Рамазан Стамға­зиев, Айгүл Елшібаева, Ерлан Рысқа­ли мен жергілікті өнерпаздар ақын­ның сөзіне жазылған әндерді орындады.

«Несағаңның талантты композиторды, шебер орындаушыны алыс­тан тап басып танитын сұңғылалығы бар еді. Бұл кісінің бір ерекшелігі әуенге сөзді ғажап жазатынында. Ән сөзінде әуенге үйлесімді, буынды, ырғақты дәл жа­затын. Кей ақындар жабық дыбыс­тарда жазса, Несағаң – мән-мағынаны ашық дыбыстарға қондырып, әншісінің тынысын ашатын ақын», дейді әнші Рамазан Стамғазиев.

Расында, Несіпбек Айтұлы мәтінін жазған ән бірден жүрекке жетіп, құлпырып сала беретіні әлі де талайды тамсандырып, таңғалдырып келеді. Ол – эпикалық кең тынысты поэмаларымен ел тарихын жырлаған ақын. Оның жырлары – ұлттық рухтың айнасы, жүрекке сәуле. Осы қасиетті мұра келешек ұрпақ үшін де, қазақ әдебиеті үшін де өлмес қазына болып қала бермек.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар