Колледж студенттерінің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау және дамыту мақсатында ұйымдастырылған турнирге білім беру ұйымдарынан құрылған 23 команда бойынша 58 студент 10 бағыт бойынша өзара сынға түсті.
Бәсекелі жарыс барысында келешекте кәсіпкерлікті дамытуға ниетті студенттер сауда, қызмет көрсету, өндіріс, шоу бизнес, мәдениет, креативті индустриялар, технологиялық кәсіпкерлік және интеллектуалды технологиялар, медицина, туризм, басқа да маңызды бағыттар бойынша білім-біліктері мен іс-тәжірибелерін ортаға салды.
Турнирдің алғашқы кезеңінде қатысушылардың визит карточкасы арқылы өздерін таныстыру ерекшеліктері, сахна мен тіл мәдениетіне қойылатын талаптардың сақталуы, уақытты ұтымды пайдалануы назарға алынды.
Ал екінші кезеңде бизнес жобалардың негізгі аспектілерін көрсететін Canvas моделін қолдана отырып, бизнес идеяларын ұсынды. Бұл кезеңде байқауға қатысушы студенттер аталған стратегиялық жоспарлау құралының дұрыс толтырылуы, жобаның өзектілігі мен іске асырылу қадамдары, сондай-ақ шығындар құрылымы, кіріс ағындары, тұтынушылармен қарым-қатынас, бейнебаяндары бағаланды.
Турнирге қатысушылардың жұмыстарын сараптау үшін арнайы қазылар алқасы құрылып, студенттер еңбегінің әділ бағалануын қадағалады. Олардың қатарында облыстық кәсіпкерлер палатасы, жұмыспен қамту, білім беру басқармасы мен жұмыс беруші компания өкілдері қатысты.
«Дәстүрлі түрде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы студенттердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мен дамыту мақсатында өткізілетін бұл турнирдің маңызы зор. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 100-ден астам шара өткізілді. Білім беру ұйымдарының алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – студенттерге еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды ұсыну ғана емес, сондай-ақ, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсету», – деді техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, күрделі жөндеу бөлімінің бас маманы, қазылар алқасының мүшесі Ербол Жаңбыров.
Өңірдегі колледж студенттерінің ізденістері мен жетістіктері орасан зор. Соның бірі, мамыр айында өткен «Бизнес аруы – 2025» облыстық байқауына 10 оқу орнынан 11 команда қатысып, оза шыққан Алматы экономикалық колледжінің қыздары республикалық байқауда жүлделі 2-орынды иеленіп, кәсіпке бейімділіктерін дәлелдеген.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар сертификаттармен марапатталды.