Фото: Су ресурстары және ирригация Министрлігі
Министр Нұржан Нұржігітов жас өнертапқыш Дана Қадырбекпен арнайы кездесу өткізіп, оның ауадан су жинауға арналған жаңа технологиясымен танысты. Оқушының ойлап тапқан құрылғысы заманауи наноматериалдарды пайдаланып, электр желісіне тәуелсіз жұмыс істейді және ауадағы ылғалды тиімді конденсациялауға мүмкіндік береді.
Кездесу нәтижесінде министрлік пен жас ғалым жобаны бірлесіп талдап, пилоттық режимде сынақтан өткізуге, ғылыми деректермен алмасуға және технологияның кең ауқымды қолданысын зерттеуге бағытталған меморандумға қол қойды.
Министр Нұржан Нұржігітов аталған жобаны жүзеге асыруға барлық жағдай жасалатынын айтып, Ғылым және инновациялық технологиялар департаментіне пилоттық енгізу жұмыстарына қолдау көрсетуді тапсырды. Ол Дана Қадырбекке алғыс хат пен сыйлық табыстап, су үнемдеу мәселесін көтерген жас таланттарды қолдаудың маңызын атап өтті.
«Дарынды жастардың су үнемдеу мәселелеріне бейжай қарамай, бірегей ғылыми жобалар әзірлеп, жүзеге асырып жүргені қуантады. Біз бұл жобаны бұрыннан бақылап келеміз. Ол су ресурстарын үнемдеуде ерекше шешім ұсынады, бұл әсіресе шалғай аймақтар үшін маңызды. Құрылғының ылғал аз кезде де атмосферадан су жинай алуы оның практикалық қолданылуын кеңейтеді. Қазіргі заманауи наноматериалдар мен күн энергиясын қолдану бұл жобаны «жасыл» инновациялардың маңызды жобасына айналдырады», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Дананың жұмысы бұған дейін халықаралық деңгейде жоғары бағаланған. Оның жобасы Оңтүстік Кореядағы WICO халықаралық көрмесінде 36 елден келген қатысушылар арасынан бірінші орын алып, Индонезиядағы YISF халықаралық жәрмеңкесінде де топ жарды. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың ғылыми конференциясында және Kazakhstan Smart Space байқауында жүлделі болған.
Жас өнертапқыштың әзірлемесі UNIDO-мен бірлескен Global Cleantech Innovation Programme (GCIP) халықаралық бағдарламасының жартылай финалына да енген. Бұл бағдарламаға Қазақстан бойынша 500-ден астам өтініш түскен еді.
«Бүгінгі кездесу өте жақсы әсер қалдырды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің жас ғалымдарға белсенді қолдау көрсетіп жатқаны ерекше қуантады. Мұндай қолдау менің ғылыми жұмысымды әрі қарай жалғастыруыма үлкен мотивация береді. Министрдің бүгін берген тапсырмасының арқасында біз құрылғыны далалық жағдайда сынап көруге және жобаны пилоттық режимде іске асыруға мүмкіндік аламыз», деді Дана Қадырбек.