Фото: Ақорда
«Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау нарығындағы өзара ықпалдастық «бірыңғай цифрлық терезе» қағидаты бойынша жүргізілуге тиіс. 2019 жылы әуе көлігімен жүк тасымалдау үдерісін жеңілдетуге бағытталған «E-freight» жүйесі іске қосылды. Бірақ бүгінге дейін бұл жүйенің қызметі шектеулі күйінде қалып отыр. Құжаттарды ресімдеуді кешіктіру фактілері бар», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, өзекті мәселенің бірі – авиация саласына қажетті кәсіби мамандар даярлау.
«Білікті кадрлар болмаса, реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл салада кадр тапшылығы қатты сезіліп отыр. Жыл сайын жүздеген маман керек болып жатыр. Осы мәселені шұғыл шешу қажет. Үкіметке кадр даярлау жүйесін реформалауға қатысты нақты шаралар қабылдауды тапсырамын. Халықаралық білім-ғылым мекемелерімен байланыс орнату қажет. Сондай-ақ мамандардың біліктілігін арттыратын құзырет орталықтарын құру керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы көлік және логистика саласын дамытудың стратегиялық мәні зор екенін айтып, бұл мәселені өз бақылауында ұстайтынын жеткізді.
Кеңесте Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Алматы халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамының президенті Косе Гокер баяндама жасады. Сонымен қатар талқылауға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысты.