Сенат төрағасы Апостолдық нунциге ілтипат білдіре келіп, кейінгі жылдарда Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы көпжақты байланыс айтарлықтай жанданып, жаңа деңгейге көтерілгенін, еліміз оны одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Президенттің Ватиканға ресми сапары екіжақты ынтымақтастықтың дамуына тың серпін бергенін айтты.
– Еліміз Қасиетті Тақпен арадағы жүйелі түрде кеңейіп келе жатқан тығыз қарым-қатынасқа үнемі баса мән береді. Жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар Қазақстан мен Ватикан арасындағы достық қарым-қатынастың берік негізін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы былтыр Ватиканға ресми сапары кезінде Қазақстан шынайы достыққа, келісім мен өзара құрметке негізделген Қасиетті Тақпен арадағы бұрыннан келе жатқан серіктестік байланыстарды жоғары бағалайтынын атап өтті. Жақында Қасиетті Тақ жанында Қазақстан елшілігінің ашылуы екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуды көздейтін шынайы ниетіміздің жарқын көрінісі екені анық», деп М.Әшімбаев Қасиетті Тақтың Апостолдық нунциіне диалог пен ынтымақтастықты арттыруға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар палата спикері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің идеяларын жан-жақты және дәйекті қолдағаны үшін Ватикан тарапына алғыс айтты. Кездесуде съездің бірлескен күш-жігердің арқасында діндер арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтуға арналған іргелі алаңға айналғаны айтылды. Сондай-ақ Сенат төрағасы қазіргі сын-қатерлерді еңсеру жолында рухани дипломатияның маңызына тоқталып, еліміздің конфессияаралық келісімді дамыту мен жаһандық дінаралық диалогті ілгерілетуге арналған бастамаларға тоқталды.
– Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің күн тәртібі өзекті әрі мазмұнды болды. Біз БҰҰ Өркениеттер Альянсымен бірлесіп, діни нысандарды қорғау жөнінде арнайы сессия өткіздік. Одан бөлек, Жас діни лидерлердің екінші форумы ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға түрлі діни конфессиялардың өкілдері, ғалымдар, сарапшылар қатысты. Съезд аясында қазіргі халықаралық қатынастардағы рухани дипломатияның рөліне арналған сараптамалық дөңгелек үстел де өткізілді. Осындай бастамалардың бәрі мәдениеттер мен діндердің жақындасуына айтарлықтай үлес қосты деуге толық негіз бар, – деп М.Әшімбаев алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын атап өтті.
Джордж Панамтундил де Қасиетті Тақ Қазақстанның бейбіт бастамаларын толық қолдайтынын айтты. Сонымен қатар ол толеранттылық, үйлесімділік пен бауырластық идеяларын дәріптеуге мүдделі екенін мәлімдеді.
Кездесуде бұған қоса денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, басқа да бірқатар саладағы байланыстарды кеңейту мәселелері де талқыланды.