Экономика • Бүгін, 08:35

Талпынғанның табысы көп

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кәсіп бастап, іс аясын кеңейтіп жатқандар туралы сөз бола қалса, «танысы көптің табысы да көп болады» деп байлам жасайтындар бар әлі бізде. Саланың қыр-сырын білмейтіндерге кәсіпкер жылдап жинаған қорын жұмсап, бірден берекеге кенеле кеткендей көрініп тұрады. Кейіпкеріміз Жадыра Жұмабекованың бастамасы жаңағыдай ой жетегінде жүргендерге берілген жауап сияқты.

Талпынғанның табысы көп

Осы күні жұрттың көбі жақ­сылық пен жаңалықты қала­дан іздейтін болды ғой. Жадыра бұл байламмен келі­се бермейді. Сырдария ауданын­дағы Шіркейлі ауылында туып, Қызылордадағы Қорқыт ата университетінде оқыды. Сегіз жыл бұрын қалаға келін болып түсіп, жұмысты да шаһар­дан тапты. Балабақшада, коррек­циялық орталықта жұ­мыс істе­ді. Жұмысы кідіріп, үйге қа­малып қалған пандемия ке­зінде бір жалақыға ғана сеніп жүре бермеу керектігін түсінгендей болды. Құрт қайнатып, май шайқаған ауылда өскендігі тығырықтан шығарды.

«Сол тұста декреттік демалыс­та болатынмын. Үйде отырып, той дастарқанына лайықтап тағамдар істеуге кірістім. Алғаш­қы тұтынушыларым – әлеуметтік желі арқылы жасаған жарнамамен танысқан көршілерім еді», дейді Жадыра.

Кәсібін кеңейту мақсатында қаржылай қолдауға берген өтініші екі жыл қатарынан кері қайтқан кезі де болды. Бірақ тауы шағылған жоқ. «Бизнес бастау» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздерін оқытудың онлайн курсын аяқтап, былтыр Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды беру жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес 1 572 800 теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алды.

Жасаған бизнес жоспары сүт өнімдеріне қатысты еді. Грант қаржысына 55 литрлік электр күбі алды. Жоспармен жұмсалған қаржы сүт тартатын сепаратор, екі бұзаулы сиыр алуға да жетті. Осы күні Жадыра әзірлеген айран, қатықты, сүзбесі мен ірімшігін жұрт таласа алады. Кәсіпкер ағарғаннан ешқандай қалдық қалмайтынын айтады. Ең соңғы сарысуының ішек микрофлорасын жөндеп, өтті дұрыстайтын қасиеті бар.

«Мансап» орталығы қолдау алған кәсіпкерлерді түрлі көр­меден қалдырмайды. Соған барғанда өзі секілді көптеген келіншекпен танысты. Барлығы өзі секілді көпбалалы аналар екен. Мұндай іс-шаралар – тәжірибе алмасып, іс ауқымын кеңейтуге таптырмас мүмкіндік алаңы. Өйткені бизнес бәсе­кеден ғана тұрмайды. Істі алға ілгерілететін идеялар да осындай кездесулерде туады.

«Жаздың күндері дүкендерге ашытпа, бидай, жүгері көжеле­рін, өзім дайындаған компот­ты өткіземін. Елдің осы күні құ­рамында химиялық қосындысы көп, күмәнді азық-түліктен бас тартып, таза өнімдерге сұраны­сы көбейіп келе жатқаны байқа­лады. Соған қуанамын. Өйткені сапалы ас – саулықтың кепілі»,  дейді кәсіпкер.

Кәсіпте мемлекет қол­дауы көп мүмкіндікке жол ашаты­нының бір дәлелі – осы Жа­дыра­ның бастамасы. Маман­дығы жөніндегі жұмысты тас­тап, біржола бизнеске бет бұр­ды. Ісін жолға қойып, ел эконо­микасының дамуына өз үлесін қосып отырған жан алда кәсібінің аясын кеңейте түсуді жос­парлап отыр. Ал талпынғанның табысы көп болады.

 

ҚЫЗЫЛОРДА