Сурет: olympic.kz
Келесі жылдың 6-22 ақпан күндері Италияның Милан, Кортина-д’Ампеццо қалаларында төрт жылдықтың басты додасы – XXV қысқы Олимпия ойындары өтеді. Байрақты бәсекеге әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы додаға түсіп, медаль жолында бақ сынайды. Олардың қатарында отандық спортшыларымыз да бар. Қазір саңлақтар қысқы Олимпиадаға қатысуға орай туғызатын жолдамаларды олжалау мақсатында халықаралық жарыстар мен әлем кубогі кезеңдеріне қатысып жатыр. Олимпиада лицензиясы сол жарыстардағы нәтижелер мен жинаған ұпай санына қарай үлестіріледі. Қыр астында тұрған қысқы аламанның дүбірі жақындап келеді. Бізде әзірге тек екі лицензия ғана бар. Екі жолдаманы мәнерлеп сырғанаушылар Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина иеленген болатын. Олар өздерінің әлеуетін сынап, әлемдік додаларға қатысуды көздеп отыр. Михаил 4-7 желтоқсанда Жапонияның Нагоя қаласындағы Гран-при жарысына, Софья 3-6 желтоқсанда Хорватия астанасы Загребтегі турнирде әлеуетін бағамдап алмақшы.
Бүгінге дейін шорт-тректен еліміздің ұлттық құрамасы әлемдік турдың кезеңдерін аяқтады. Бұл спорт түрінен соңғы, яғни IV кезең өткен аптада Нидерландтың Дордрехт қаласында өтті. Алдағы уақытта шорт-тректен Олимпиадаға баратын спортшылардың есімдері анықталады. Ұлттық құрама бапкерлері 4 спортшымыз лицензия еншілейді деп үміт артып отыр.
Конькимен жүгіру спортында жолдамадан үмітті үздіктер 5-7 желтоқсанда Нидерландтың Херенвен, 12-14 желтоқсанда Хамар қаласында өтетін әлем кубогі кезеңдерінде бақ сынайды. Фристайл-могул спортшылары 4 желтоқсаннан 2026 жылдың 18 қаңтарына дейін Финляндия, Канада, АҚШ-тағы әлем кубогіне, сондай-ақ FIS-тің Францияда өткізетін халықаралық турниріне қатысады. Фристайл-акробатика сайысынан сынға түсетін спортшыларымыз 6 желтоқсаннан 2026 жылдың 18 қаңтарына дейін әлем кубогінің бес кезеңінде бақ сынап, лицензия иеленуге барын салады. Әлем кубогінің кезеңдері Финляндия, Қытай , АҚШ-та өтеді. Биатлоншылар әлем кубогінің алты кезеңі мен IBU аясындағы алты халықаралық турнирде шеберлігін сынап, көрсеткіштеріне қарай жолдама иеленеді. Әлем кубогінің кезеңдері Швеция, Аустрия, Франция, Германия мен Чехияда өтсе, халықаралық турнирлерді Аустрия, Италия, Швейцария, Германия, Словения, Норвегия елдері ұйымдастырады. Шаңғышылар Финляндия, Норвегия, Швейцария, Италияда өтетін әлем кубогінің бес кезеңінде бақ сынаса, шаңғымен трамплиннен секірушілер әлем кубогінің 12 кезеңіне, сондай-ақ екі рет FIS кубогіне, екі мәрте Аустрия, Германияда өтетін, басқа да құрлықтық сайыстарға қатысады. Дүбірлі додалар 20 қарашадан 2026 жылғы 18 қаңтар аралығында өтеді. Әзірге отандастарымыз екі әлем кубогіне қатысты. Тау шаңғысы спортшыларының да байрақты бәсекелері жеткілікті. Әлем кубогінің тоғыз кезеңінің үшеуі өтті, алда алты асу бар. 12 желтоқсан мен 2026 жылғы 25 қаңтар аралығында Швейцария, Франция, Аустрия, Чехияда желдей жүйткіген саңлақтар сынға түседі. Шаңғы қоссайысында әлем кубогінің алты кезеңін Финляндия, Норвегия, Аустрия, Германия елдері ұйымдастырады да, тартыс 4 желтоқсаннан 2026 жылғы
1 ақпанға дейін жалғасады.
Еліміздің спортшыларын 2026 жылғы басты спорттық іс-шараға жоғары деңгейде баптау мақсатында Туризм және спорт министрлігі спорт федерацияларымен бірлесіп, ұлттық құрамаларды даярлаудың кешенді жоспарын әзірледі. Оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, медициналық, психологиялық қолдау, қаржыландыру, қажетті спорт құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету, тамақтандыру, сондай-ақ білікті жаттықтырушыларды тарту ісі қаншалықты нәтижелі болатыны Италиядағы ақ Олимпиадада безбенделеді.