Қоғам • Бүгін, 07:35

Салбурын шежіресі

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаланың қарбаласынан қолы қалт еткендер дәстүрлі Салбурын фестивалінің 5 жылдық мерейтойына орай өткізіліп жатқан көрмені тамашалауға жиналды. А.Пушкин кітапханасындағы бұл көрмеге өңірдегі фотографтардың отыз шақты жұмысы қойылды. Олар бес жыл бойы қыран қалықтаған фес­тивальге барып, сәтті кадр іздеумен, іс-шараны насихаттаумен айналысып келген.

Салбурын шежіресі

Ұлан ауданы әкімді­гінің қол­дауымен, кітап­хана ұжымының ұйымдас­тыруымен өткен көрмеге Бозанбай ауылынан бүркіт­шілер отбасы мен осы фести­вальдың өтуіне мұрындық болған Нұртай Тілеужанұлы келіп қатысты. Рухани кешті Ұлан ауданының өнерпаздары әнмен әрлеп, домбыра ша­нағынан күй төкті. Сөз алғандар фотокөрменің ма­ңыз­дылығына тоқталды.

– Салбурын фестивалі жылда дүркіреп өтеді, кетеді. Болды, сонымен бір жылға ұмытамыз. Ал мынау көрмеге қойылған фотолар сәні жарасқан өнерімізді тарихқа қаттап, болашаққа сақтаудың бір жолы екен. Осы орайда, фотосуретшілердің өнері ерекше екеніне көз жетіп отыр. Жалпы, мұнша байлықты фотокөрмемен шектемей, фотоальбом етіп шығарғанымыз жөн болады, – деп өз ұсынысын да айтты Ұлан аудандық мәслихатының депутаты, ұлттық өнердің жанашыры Нұртай Тілеужанұлы.

Кең залда орын алған көрмені тамашалауға келгендер әр суреттің жанында аялдап, ой-пікірлерімен де бөлісіп жатты. Қарасақ, фото­суретшілер қайталанбас сәт­терді қалт жібермеуге ты­рысқан. Бірі қыранды қолынан енді ұшырған сәтін кадрға басса, енді бірі қашқан қоянды іле берген сәтін басып үлгерген. Иә, әр сурет шедевр. Ішінара бүркітшілердің портреттері де көрменің төріне орналасқан. Айтқандай, фотокөрме бір айға жуық кітапхана фойесінде тұрады.

 

Өскемен