фото: ДСМ баспасөз қызметі
Денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, жедел жәрдемге жеделділіктің бірінші санаты бойынша түскен қоңыраулар саны 356 мыңнан асты, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 0,5%-ға көп. Екінші санаттағы шақыртулар 1,8%-ға өсіп, 2,1 миллионнан астам шақыртуды құрады. Үшінші санаттағы шақыртулардың үлесі өзгеріссіз қалып, есепті кезеңде 1,9 миллионнан сәл асқан. Ал төртінші санаттағы шұғыл әрекет етуді талап етпейтін шақыртулардың үлесі азайды.
Биыл емханалар жанындағы мобильді бригадаларға түскен төртінші санаттағы шақыртулар саны 1,08 миллион болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 23,2%-ға аз. Сонымен қатар, жедел жәрдем станцияларының бригадалары төртінші санат бойынша 1 183 590 шақыртуды орындады.

Еске сала кетейік, төртінші деңгейдегі (төмен шұғылдықтағы) шақыртуларға Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету (МСАК) ұйымдарының жанындағы мобильді бригадалар жұмыс күндері сағат 8:00-ден 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Қалған уақытта мұндай шақыртуларды жедел медициналық жәрдем станцияларының бригадалары орындайды.
«Республика бойынша жедел жәрдем қызметі 20 дербес станциядан, 96 қалалық қосалқы станциядан және 212 аудандық бөлімшеден тұрады. Олардың құрамында 1 618 шұғыл шығу бригадалары жұмыс істейді. Оның 258-і (16%) мамандандырылған дәрігерлік бригадалар, ал 1 360-ы (84%) фельдшерлік бригадалар», деп нақтылады министрлік.
Қалалық бөлімшелерде 999 бригада, аудандық бөлімшелерде 619 бригада қызмет көрсетеді. Сонымен бірге, төртінші санаттағы шақыртуларға қызмет көрсету үшін МСАК ұйымдарының жанынан қосымша 580 мобильді бригада жұмылдырылған.