Қоғам • Бүгін, 08:33

Әлеуметтік газ жұрт игілігіне жұмсалуы керек

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордада өңір тұрғындарын сұйытылған газбен қамтамасыз ету мәселесі талқыланған мәжіліс өтті. Жауапты сала басшылары қатысқан жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кәсіпкерлер төмен­детілген бағамен алып отырған әлеуметтік газ тек халыққа сатылуы керектігін тапсырды.

Әлеуметтік газ жұрт игілігіне жұмсалуы керек

– Осыған дейін сұйытылған газды арзан бағамен сатып алған­ның арқасында пайдаға кенел­гендеріңізді білеміз. Бірақ бұлай жалғастыра беруге болмайды, былтыр да қатаң ескерттім – әлеу­меттік газды тек халыққа сату керек. Ал коммерциялық газды өз қаражаттарыңызға алыңыздар. Тіпті тұрғындарды толық қамтамасыз ету үшін қымбат болса да, басқа көздерден коммерциялық газды жедел жеткізіп, халыққа әлеуметтік бағамен сатыңыздар. Осы саладағы кәсіпкерлер аймаққа бөлінген газды өнеркәсіп нысандарына, басқа өңірлерге сатып, тапшылықты қолдан жасап отыр. Тағы да айтамын – арзан газ әуелі осы өңір тұрғындарының қажеттілігін то­­лы­ғымен өтеуге жұмсалуы керек. Сол тұрғыда тиісті шаралар қабылдаңыздар, – деді облыс басшысы.

Бүгінде облыстағы 16 оператор 144 автогаз құю стансасы, 6 газ сақтау қоймасы арқылы сұйытылған газ сатумен айналысады. Өңірде арзанға алып, қымбатқа саудалайтын алыпсатарлық әрекеттерге жол бермеу мақсатында облыс шекарасына кезекшілік орнатылды. Заңды түрде тіркелмей, автокөліктерге сұйытылған газ қон­­дыр­ғыларын орнату фактілерін анық­тайтын рейдтік тексерулер жүр­гі­зіліп, тиісті шаралар қабылдана бас­­тады.

Облыстық полиция департаменті аймаққа бөлінген газдың басқа өңірлерге шықпауын қадағалау үшін тәулік бойы жұмыс істейтін бақылау бекеттерін «Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент» автожолының Арал ауданындағы 1363-903-шақырымына, осы күрежолдың Жаңақорғандағы 1998-268-шақырымына,  «Қызылорда – Жезқазған» жолының 12-шақы­ры­мы­на орналастырды.

Жанар-жағармай мен газ тап­шы­­­лығын болдырмау мақса­­тын­да жергілікті атқарушы орган, экономикалық тергеп-тексеру, мем­лекеттік кірістер және бәсеке­лес­тікті қорғау департаменттері өкілдерінен құрылған өңірлік штаб жұмыс істейді. Қазіргі есеп бойынша облыс­та сұйытылған мұнай-газының қоры шамамен 892,1 тонна.