Ғылым • Бүгін, 08:27

Әлемдік ғылыми жаңалықтың авторы

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Осы күні ғылым, әсіресе ірі зерттеу жеке емес, бірнеше идеялас адамның бірігуімен жасалатын болды. Сондай ірі де іргелі істің нәтижесі жақында атақты «Science» журналында басылды. Сол халықаралық деңгейдегі ғылыми жаңалықтың авторлары арасында отандық ғалымдар да бой көрсетті.

Әлемдік ғылыми жаңалықтың авторы

Сурет: facebook.com/gylym.jogarybilim

АҚШ-тың ең көне ғылыми басы­лым­дарының бірінде жарық көрген «Қазіргі селекция әдістері пайда болғанға дейінгі мыңдаған жыл бойындағы иттердің кең алуан түрлілігі» атты еңбекті 40 ұйымнан құралған халықаралық ғылыми топ әзірлеген. Зерттеушілер қатарына біздің архео­логтер, атап айтқанда, Торайғыров уни­верситетінің зерттеушілері – Виктор Мерц пен Илья Мерц, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің зерттеушілері – Эмма Усманова, Виктор Варфоломеев енген.

Ғылым және жоғары білім министр­лігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, ғылыми жұмыста плейстоцен дәуірінен қазіргі уақытқа дейінгі әртүрлі геогра­фиялық аймақтардан жиналған материалдар зерттеліп, бүгінге дейінгі ең кешенді нәтижелер ұсынылды. Зерттеуді Ұлыбританиядағы Эксетер университеті мен Францияның Ұлттық ғылыми зерттеулер орталығы үй­лестірді. Жұмыс 2012 жылы бас­талып, соңғы 50 мың жылда өмір сүрген иттер мен қасқырлардың 643 заманауи және археологиялық бас сүйегі талданды. 600-ден астам ежелгі және қазіргі заманғы үлгілерді 3D-сканерлеу нәтижесінде голоценнің бастапқы кезеңіндегі иттердің пішін­дік әртүрлілігі бүгінгі деңгеймен салыс­тыруға болатыны анықталды. Бұл қазір­гі ит тұқымдарына тән көптеген морфо­логиялық айырмашылықтың терең, ежелгі тамыры бар екенін, олардың үй жануарына айналғаннан кейін көп ұзамай пайда болғанын көрсетеді.

Зерттеу барысында ғалымдар иттердің қазіргі кездегідей түрішілік әртүрліліктің қашан пайда болғанын анықтады. Сүйек пішінін талдаудың заманауи әдістерін қолдана отырып, ондаған мың жыл бұрынғы археологиялық үлгілер арасында жеке морфологиялық формалардың қалыптасуын қадағалады. Нәтижелерге сәйкес, иттердің көлемі мен пішіні бойынша жіктелуі кемінде 11 000 жыл бұрын басталған. Мезолит пен неолит дәуірлерінде иттер піші­ні мен мөлшерінің кең спектрін көрсетті. Бұл олардың алғашқы адам қауымдастықтарындағы әртүрлі рөлде­рін (аңшылық, мал бағу, серіктестік қызметтерін) айқындайды. Осы кезеңнен кейін морфологиялық вариациялар қарқынды көбейіп, белгілі тұқымдардың қалыптасуына жол ашты.

Зерттеу нәтижелері XIX ғасырдағы селекция әдістерімен ғана иттердің ал­уан түр­лілігі қалыптасты деген дәстүрлі гипотезаларды теріске шығарады. Үй иттерінің бас сүйегі пішіні мен көлеміндегі айырмашылықтар қас­қырлардан бөлінгеннен кейін-ақ мыңдаған жыл бұрын болғаны дәлел­ден­ді. Сонымен қатар плейс­тоценнің соңғы кезеңіне жататын үлгілерде үй жануарларына тән морфология әлі байқалмаған, бұл алғашқы иттердің пайда болу үдерісінің күрделілігін көр­сетеді.