Аймақтар • Бүгін, 08:10

Ми батпақтан мектепке жете алмай жүр

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтоғай ауданы Жаңабет ауылының оқушыларына әудем жердегі мектепке жету нағыз машақат. Жаңбыр жауса, жер езіліп ми батпаққа айналады. Алайда жергілікті билік ауылдың мұңын көп жылдан бері елемей отыр.

Ми батпақтан мектепке жете алмай жүр

Жаңабет ауылының көше­лері күздің жауынында ми бат­паққа айналып шыға келеді. Адам түгілі, көлік әрең қозға­лады. Кейбіреулер балаларын мектепке трактормен тасып жүр. Мұндай машақат жаз­ғытұрым қар ерігеннен бастап аяз түскенше созылатын көрінеді. Жыл сайын қай­таланатын келеңсіз жағдай әкімдердің есептік кездесулерінде айтыла-айтыла жауыр болған. Уәделерін орындамайтын билік өкілдеріне жұрттың өкпесі қара қазандай.

– Мынау көше дегеннің аты ғана, әйтпесе нағыз тайганың ми батпағы тәрізді. Жүрсең аяғыңа жабысып, шалынып құлайсың. Көктем мен күзде, жаздың жаңбырлы күндері езіліп кететіні соншалық, ауыл ішінде көлікпен ғана жүруге мәжбүр боламыз. Бәрінен бұрын балаларымызға қиын. Мектепке барып-келу нағыз машақат. Кейбір көршілерім балаларын таңертең көлік жалдап апарады, – деп қынжылды ауыл тұрғыны Азамат Қожмағамбетов.

Жаңатап бөлімшесінен оқушылар әкелетін автобус бұл жерге келе алмайды, үлкен көлік батып қалуы ықтимал. Амалсыздан ауыл сыртынан тоқтап, балалар батпақ кешіп жетеді. Батпақ мәселесі Жаңатап ауылында да бар, автобус мұнда да алыстан аялдайды. Соның салдарынан бірнеше ата-ана балаларын мектепке жіберуден бас тартқан.

л

Осы орайда, тұрғындар тым болмағанда көше жолдарына уақытша қиыршық тас төсеп берсе екен деген тілектерін жеткізді. Жолдардың жалпы ұзындығы екі шақырымнан аспайды. Бұдан бірер жыл бұрын ауыл азаматтары бас қосып, көшелердің жолына топырақ төгіп, өз қолдарымен биіктеткен екен. Алайда қиыршық тас болмаған соң әлгі жасағандары бір жылға жетпей бұзылып қалған. Кейде жердің езіліп кететіні соншалық, ауылға көлік кіре алмай, үлкен жолдың бойы­на қаңтарып қояды. Кіреберіс жол да жөндеуге сұранып тұр.

Анықтағанымыздай, Жаңа­бет ауылындағы тұрғындар саны 300-дің үстінде. Мектепте 71 бала оқиды. Мүткенов ауыл­дық округіне қарайтын елді мекеннің адамдары өздерін шетте қалған арал тұрғындары ретінде сезінетіндерін айтады. Себебі ауыл игілігіне жа­салған жұмыс жоқтың қасы. Халықтың бірлігі айрандай ұйығанымен, ауыл тірлігін жандандыра түсетін, жастардың тұрақтап қалуына негіз болатын мемлекеттік қолдауды сезіне алмай отыр.

Ақтоғай ауданының билігі Жаңабетке асфальт тұрмақ, қиыршық тас төсеудің өзі әзірше мүмкін емес дейді. Ең әуелі жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, соның қоры­тындысына сәйкес жөндеу жұмыстарына конкурс жариялануы керек. Мәселені бір демде шешіп бере салатын демеуші жомарт кәсіпкер табылмай отырған көрінеді.

– Жаңабеттегі мәселе бізге жақсы мәлім. Бірақ осы уақытқа дейін көше жолдарын жөндеу жөнінде жоба әзірленбеген. Сол себепті оған әзірше қа­ражат бөлу, уақытша шара ре­тінде қиыршық тас төсеу де мүмкін емес. Қазіргі уақытта ауылдың орталық және мектеп орналасқан қос көшесіне, 500 метрлік кіреберіс жолға асфальт төсеуге қатысты ЖСҚ әзірлеуге ұсыныс жасалды, ол келер жылдың бюджетіне енгізіледі. Бюджетте қаралмаған соң, ондай мүмкіндік жасай алмаймыз. Жоспар бойынша 2026 жылы ЖСҚ әзірленсе, 2027 жылы асфальт төселуі керек. Көшелерге тек асфальт төселмейді, оның табандары нығыздалып, су шайып кетпейтіндей берік етіп жасалуы тиіс, – деп жауап берді аудандық әкімдіктен.

Жалпы, өңір жұртының айтуынша, мұндай мәселе Ертіс бойын қоныс еткен көптеген ауыл­да бар. Алайда көп жылдар бойы қордаланған мәселені облыс билігі қаперіне алуға асығар емес.

 

Павлодар облысы,

Ақтоғай ауданы,

Жаңабет ауылы