Спорт • Бүгін, 08:05

Жарыс күнделігі

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біріккен Араб Әмірлігінің Әбу-Даби қаласында кикбоксингтен әлем чемпио­наты мәресіне жетті. Жерлестеріміз аптаға ұласқан жаһандық жарыстан олжалы оралды. Дүбірлі додаға 49 спортшымыз қатысып, 3 алтын, 10 күміс, 7 қола медаль еншіледі.

Жарыс күнделігі
  • Жалпы командалық есепте 12-сатыға тұрақтаған спортшыларды Астана әуежайынан жанкүйерлер салтанатпен қарсы алды. Әлем чемпионатына 85 елден 2000-ға тарта спортшы қатысса, 49 мемлекеттің өкілдеріне медаль бұйырды. Жерлестеріміз фулл-контакт бөлімінде жоғары нәтижеге қол жеткізді. Нұрасыл Тілектесов (51 кг), Дінмұхаммед Баймұратов (54 кг), Батырхан Қуандықов (67 кг) әлем чемпионы атанды. Финалдық сайыста сүрінген Мақсат Үсіп (71 кг), Марғұлан Айдарұлы (75 кг), Мұса Мерзиев (63,5 кг), Фазлиддин Сафаров (+91 кг) күміс медальды місе тұтты. Қола жүлде Лаура Нышанбай (56 кг) мен Тимур Ганзаға (81 кг) бұйырды. К-1 бөлімінде сынға түскен Жандос Назарбеков (60 кг) күміс, Әли Әбутәлі (67 кг) қола жүлдегер атанды. Лоу-кик бөлімінде төрт отандасымыз финалда сүрінді. Әлихан Оздоев (67 кг), Дулат Дүйсенов (60 кг), Диас Карманов (57 кг), Шара Хамзина (65 кг) күміс жүлдегер атанса, Нұрман Әбілтай (51 кг), Сарвар Сулайманов (54 кг), Илмаил Люшан­ло (63,5кг), Бекнұр Дауылбаев (+91 кг) қола медаль еншіледі. Лайт-контакт сынында Нұр­сәт Ғалымбекұлына (+94 кг) күміс медаль бұйырды.
  • Біріккен Араб Әмірлігінің Әбу-Даби қаласында дзюдодан әлемдік «Grand Slam» кезеңі өтті. Бәсі жоғары додаға 53 мемлекеттен 401 спортшы қатысып, тартыс көрігін қыздырды. Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем біріншілігінің жеңімпаздары белдесуге түскен сайыстан жерлестеріміз 1 қола медальмен оралды. Бапкерлер құрамы әйелдер арасындағы сайысқа Әбиба Әбужақынова (48) кг, Бақыт Құсақбаева (57 кг), Эсмигүл Куюловаға (63 кг) сенім артты. Ерлер додасында Мағжан Шамшадин, Аман Бақытжан (60 кг), Нұрқанат Серікбаев, Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Есет Қуанов (73 кг), Азат Күмісбай, Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Ермахан Әнуарбеков (90 кг), Марат Байқамұров, Нұрлыхан Шархан (100 кг) Еламан Ерғалиев (+100 кг) белдесуге түсті. Әлем чемпионатының қола, күміс жүлдегері Әбиба Әбужақынова ғана қалың жанкүйер үмітін ақтап, қола медаль иеленді. Қалған балуандар жеңіліп қалды.
  • Италияның Милан қаласында конькиден жасөспірімдер арасында әлем кубогінің кезеңі өтіп жатыр. Отандасымыз Кристина Шумекова 1000 метрді 1, 17, 485 секундта жүгіріп өтіп топ жарды. Күміс медаль жапон қызы Аяно Секигучиге, қола жүлде поляктың талантты қызы Ханна Мазурға бұйырды. Кристина 3000 метр қашықтықта да жеңімпаз атанды. Бұл қашықтықта күміс медаль Нидерланд спортшысы Лике Хейзинкке бұйырса, қытайлық Цзяминь Цзян қола жүлдені қанағат тұтты.