Фото: Ақорда
Мемлекет басшысының пайымынша, Цифрлық Қазақстанды ауылдар мен ауылдық округтерсіз құру мүмкін емес.
«Жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде бұл іске ауыл әкімдері де белсенді түрде атсалысқаны жөн. Елді мекендерді цифрландыру ауыл мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын айтарлықтай теңестіреді. Сондықтан Үкімет бұл бағыттағы жұмысты басты басымдықтардың бірі ретінде қарастыруы қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жергілікті жерлерден алынған нақты әрі жедел ақпарат орталықта тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ экономикалық дерекқор негізін қалап, ресурстарды әділ бөлуге ықпал етеді.
«Алдағы үш жылда Қазақстанды толықтай цифрлық елге айналдыру – жаңа даму кезеңіндегі басты міндеттердің бірі. Болашақта еліміздің әлемде алатын орны осыған тікелей байланысты. Сондықтан мұны тіршілік үшін талас десек, артық айтқандық емес», деді Мемлекет басшысы.