Президент • Бүгін, 14:21

Қасым-Жомарт Тоқаев: Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында сөз сөйлеп, аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралауды тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек

Фото: Ақорда

«Ал аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар «аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па» деген мәселені қайта қарауды ұсынуда», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы бұл мәселені Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов бастаған депутаттар да көтергенін айтты.

«Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр. Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланды.

«Енді олардың қалай жұмыс істейтінін қарап көру қажет. Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе – аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат: біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек. Үкімет және Парламент депутаттары бірлесіп, осы мәселені жан-жақты қарап, әділетті, дұрыс шешім қабылдауы қажет. Ең бастысы, әрбір реформа салмақты көзқараспен, байыппен жасалуы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.