Портфельдің негізіне тоқталайын. Қаржы әлемін терең зерттемей-ақ ұзақ мерзімге жоспар құруға болады. Өйткені портфельге кез келген актив емес, ондаған жыл бойы сыналған құралдар кіреді. Ішінде әлем елдерінің акциялары, дамыған және дамушы елдердің облигациялары, алтын бар. Бұлардың барлығы түрлі дағдарыстан өткен.
Портфельдің құрылымы белгілі бір тепе-теңдікке сүйенеді. Әдетте портфельдің 20 пайызынан 60 пайызына дейін облигация мен алтын орналасады. Бұл бөлік портфельге тыныштық береді. Ал қалған 40 пайыздан 80 пайызға дейін әлемдік акциялар тұрады. Бұл капиталдың өсімін қамтамасыз етеді. Осылай табыс пен тұрақтылық бір портфельдің ішінде қатар жүреді.
Портфельге кіретін акциялар да жай таңдалмайды. Арнайы модель арқылы іріктеледі. Компанияның пайдасы қандай, капиталды қалай пайдаланып отыр, қарызы қанша, осының бәрі тексеріледі. Осы сүзгіден өткен компаниялар ғана портфельге кіреді. Бұл факторлық инвестиция деп аталады. Енді портфель тәуекелі қалай бақыланатынын түсіндірейік. Біз тәуекелді күнделікті жаңалықпен емес, портфельдің ішкі құрылымымен басқарамыз. Активтердің тізімі өзгермейді. Бірақ уақыт өте олардың үлесі реттеледі. Нарық құбылмалығы артқанда салмақ қайта есептеледі.
Кейде екі адамның мақсаты бір болса да, портфельдері неге мүлде ұқсамайды деп сұрайды. Себебі әр адамның жағдайы бөлек. Біреу 10 жылда ерте зейнетке шығуды қалайды. Бірақ біреу 20 жыл бойы жинаған капиталымен келеді. Екіншісі енді ғана жинай бастайды. Тағы бірі тәуекелге дайын, керісінше өте сақ адамдар бар. Біреу табысын теңгемен алса, енді бірі шетел валютасымен жұмыс істейді. Ақшаны алатын мерзімі де басқа. Осы айырмашылықтың бәрі портфель құрылымына әсер етеді.
Мен қолданып жүрген тәсіл нарықты болжауға сүйенбейді. Бұл ғылыми негізделген жүйе. Институционалды инвесторлар мұны ондаған жыл бойы қолданып келеді. Құрылым дұрыс жасалғаннан кейін портфель тұрақты табыс береді. Ұзақ мерзімде өзін толық ақтайды. Стратегияға сүйенеді. Комиссия мен салықты да тиімді етеді. Егер адам өз мақсатына қарай жүйелі түрде инвестиция жасағысы келсе, осындай портфельдер оған ұзақ жыл тірек бола алады.
Дайындаған –
Елігімай ТӨҢКЕР,
«Egemen Qazaqstan»