Қоғам • Бүгін, 00:22

Beeline, Tele2 және Altel абоненттік ақыны қымбаттатынын мәлімдеді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда үш ірі ұялы байланыс операторы – Altel, Tele2 және Beeline интернет пен байланыс қызметтерінің тарифтерін қымбаттататынын хабарлады. Өзгерістер 2025 жылғы 25 желтоқсаннан бастап кезең-кезеңімен енгізіледі, деп жазады Egemen.kz.

Beeline, Tele2 және Altel абоненттік ақыны қымбаттатынын мәлімдеді

Tele2 және Altel компаниялары абоненттік төлем мен тарифтік жоспарлар бойынша көрсетілетін қызмет көлемінің өзгеретінін мәлімдеді. операторлардың түсіндіруінше, тарифтердің өсуіне жаңа Салық кодексінің күшіне енуі, сондай-ақ желілерді дамыту, жаңғырту және қызмет көрсету шығындарының артуы себеп болған.

«Компания тарифтік жоспарлар бағасын қайта қарайды. Бұл – желілерді дамыту мен қызмет көрсету шығындарының өсуіне, сондай-ақ салық заңнамасындағы өзгерістерге байланысты мәжбүрлі шара. Абоненттік төлемді өзгерту сервистердің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді», делінген Tele2/Altel хабарламасында.

Тарифтердің қалай өзгеретіні жөніндегі нақты ақпарат әр абонентке SMS арқылы жіберіледі. Айта кетейік, Tele2 және Altel – «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-нің сауда маркалары.

Beeline да тарифтердің өзгеретінін растады. Компания 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мобильді және кеңсе интернетінің құны қайта қаралатынын хабарлады. Тарифтердегі нақты өсім жөніндегі ақпарат компанияның ресми сайтында жарияланады.

«ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеруі байланыс, интернет және сервистік қызметтердің құнына әсер етеді. Осыған байланысты абоненттік төлем де түзетіледі. Біз барлық пайдаланушыларды өзгерістер күшіне енгенге дейін кемінде 30 күн бұрын хабардар етеміз», деп мәлімдеді Beeline.

Ал Kcell компаниясы тарифтерді қымбаттату жөнінде әзірге нақты шешім қабылдамағанын хабарлады.

«ҚҚС мөлшерлемесінің өзгеру ықпалын зерттеп жатырмыз. Егер тарифтерді қайта қарау қажеттілігі туындаса, бұл туралы ресми түрде алдын ала хабарлаймыз», делінген компания хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар