Білім • Бүгін, 08:48

Сыр бойындағы «Келешек мектебі»

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласындағы СПМК-70 шағын ауданында 1500 орындық «Келешек мектебі» ашылды. Жаңа мектептің ашылуына Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, өңірден сайланған Парламент депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары қатысты.

Сыр бойындағы «Келешек мектебі»

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қала тұр­ғын­дарын, ұстаздар мен оқушы­ларды құттықтап, жиналған жұрт­шылыққа тілегін жеткізді.

«Бәсекеге қабілетті, заманның жаңа шақыртуларына дайын, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу – мемлекет алдындағы стратегиялық маңызды мәселе. Аймақтың білім саласында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Кейінгі үш жылда салаға 812 млрд 245 млн теңге, биыл 346 млрд 800 млн теңге бөлінді. Өткен жылы 31 млрд 800 млн теңгеге 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. Мемлекет басшысының бастамасымен салынған «Келешек мектептері» шәкірттерді заман талабына сай оқыту мен тәрбиелеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Санасы сергек, ойы ұшқыр, бәсекеге қабілетті оқушы­лары­мыздың қатары көбейсін», деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жалпы, Сыр өңірінде «Келе­шек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 млрд 391 млн теңгеге 10 жаңа мектеп бой көтерген. 2023 жылдан бері 5 млрд 700 млн теңгеге 9 мектептің жанынан қосымша ғимарат бой көтерді. Осылайша өңірдегі үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова инновациялық мектептер игілігі қала мен ауыл­ға ортақ болуы мемлекеттік білім саясатының жарқын жемісі екендігін атап өтті. «Келе­шек мектептері» мемлекеттік білім ошақтарының заманауи архитектуралық-инфра­құры­лымдық стандартарға сәйкес жаңаруына серпін беріп отыр.

Министр өңір білім сапасы­ның көрсеткіштері бойынша көш басында тұрғанына тоқталды.

Салтанатты шарада білім  саласы­ның дамуына елеулі үлес қосқан ұс­таз­дар мен білім ошағын салған мер­­дігер мекеме мамандары облыс әкі­мі­нің Алғыс хатымен марапатталды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА