Уфадағы шәкірттер шығарған «Садақ» пен Омбыдағы қазақ жастары шығарған «Балапан» журналы қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары атанды. «Садақ» қолжазба журналына әр жылдары Бейімбет Майлин, Жиенғали Тілепбергенов редакторы ретінде қол қойды. Бейімбет «Ғалияда» оқыған кезінде «Садақтың» негізін қалап, алғашқы үш санын өмірге әкелді. Осы үш нөмірінде Бейімбеттің «Шұғаның белгісі» повесі, басқа да шығармалары жарияланды. Өкінішке қарай Бейімбеттің өзі жазғандай, журналдың бірінші, екінші сандары жоғалды. Оған сол уақыттағы медреседегі қазақ пен татар шәкірттері арасындағы салқындық себеп болды. Кейін медресе директоры Зия Камали мен мұғалім Ғалымжан Ибрагимовтің араласуымен бұл салқындықтың сызы да қалмады. Сөйтіп, журналдың үшінші саны шықты. Бұл жайында Бейімбеттің өзі: «Күйінгенменен кеткен нәрсенің келмейтіндігі белгілі. Алдағысы мұндай болды деп жігері қайтып, жол тоқтау қылатын жастар біз емес. Келешекке кеткенді іздемей келістіріп істейік деп 3-сан «Садақты» әлден келгенше қадірлі ажарлап, қауым-қабиланың алдына ұсынып отырмыз», деп жазды.
Бейімбеттен кейін журнал тізгінін «Ғалияның» шәкірті Жиенғали Тілепбергенов өз қолына алды. Ол Бейімбеттің бастаған ісін әрі қарай жалғап, өзі де өндірте жазып, журнал жұмысына бар күш-жігерін жұмсады. Бұл жайында журнал авторы Салахиден Сарталиев: «Жазушылардың басын біріктіріп, өзінің қымбатты сағаттарын кейінгі жас буынымыздың көгеруіне сарып қылып «Садақты» уақытынан қалдырмай шығарып тұрған әрі терең мағыналы әдеби, ғылыми журнал етіп танытқан Жиенғали мырзаға тәңірі жарылқасын айтпай болмайды. Ол «Садақтың» ыссысына күйді, суығына тоңды», деген еді.

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бейімбет бар жігерін жұмсап журналды жолға қойса, Жиенғали осы абыройлы міндетті әрі қарай жалғастырды. Олар алдына «қайтсек елді ағартып, өнерлі елдің қатарына қосамыз, халыққа қалай қызмет көрсетеміз деген үлкен арман-тілек» қойып, жан-тәнімен беріліп жұмыс істеді. Бейімбет те, Жиенғали да, журнал ісіне атсалысқан «Ғалияның» басқа да шәкірттері осылайша «Садақты» сарабдал басылымға айналдырды. Өздері медресе шәкірті болса да, түнде ұйқы, күндіз күлкі көрмей, «Садақтың» өткір де өзекті болып шығуына барын салды.
«Садақтың» редакторлары мен авторлары жазбаларына бүркеншік есімдерді қолданды. Мәселен, Бейімбет «Садақтағы» шығармаларын «Бекет», «Қарсақ», «Толстой қазақ» деген атпен жазса, Жиенғали мақала-әңгімелеріне «Жекей» қалам атын қолданды. Сол секілді Салахиден Сарталиев – «Қараша», Зейнелғабиден Имажанов – «Есіл», Әбдірахман Мұстафин – «Шашты», Армия Ешкеев – «Тоқа», Қажым Басымов – «Сарыалжын», Мағжан Жұмабаев – «Балапан», Сабыр Айтқожин – «Тау баласы», Сұлтан Шоқаев – «Қара мылтық», Мұқан Досбаев – «Жаңа талап», Мұхамет Қалжанов – «Өрталап», Ғалиақпар Ошақбаев – «Биші», Әбдірашит Әлімбаев – «Омбылық», Әубәкір Қазақов – «Жаңғара», Зияш Алдабергенов – «Керей», Қаһан Ережепов «Тарбағатай», «Ертіс» бүркеншік есімдерін қолданды. Сондай-ақ журналға Құдайберді, Бөрте, Дөнен, Сона, басқа да қалам аттарымен бірқатар автор мақала жазып, атсалысты. Сарыалжын мен Керей журналдың кейбір санына уақытша шығарушы ретінде қол қойды. Бұдан біз Бейімбет пен Жиенғали секілді Зияш пен Қажымның да «Садақтың» кейбір сандарының редакторы болғанын байқаймыз. Міне, осы шәкірттер – «Ғалияның» қаламы жүйрік жастары журналдың мазмұнды да мағыналы болып шығуына атсалысты. Журналдың редакторлары мен авторлары «Садақты» шығаруға аса ыждағатпен, ұқыптылықпен кірісті.
«Садақ» қолжазба журналы 1915 жылғы 9 қарашадан бастап, 1918 жылғы 10 ақпанға дейін шығып тұрды. Осы аралықта журналдың қырықтан астам саны жарық көрді. Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Садақтың» 1916 жылғы №20, №21 және №22 сандары ғана сақталған. Профессор Тұрсынбек Кәкішев «Сандалтқан «Садақ» кітабында журналдың бұл нөмірлеріне толықтау талдау жасаған. Сонымен қатар Тұрсынбек Кәкішев аталған кітабында Қайыржан Бекхожиннің өзіне «Садақтың» жиырма шақты санын бергенін атап келіп: «Қаптаған көп кітаптардың арасынан қалындығы төрт елі, мұқабасы жыртылған маталы түптің жоғары және төменгі жағына әшекейлеп қара бояумен өрнек салып, орта тұсына «Садак киргизов» деп тасқа басылған сөзі бар, 575-бетіне «Ғалия» кітап-оқуханасы деген таныс штамп басылған салмақты да көлемді кітапты қолыма ұстатты. Жүрегім жарылып кетердей тулап қоя берді», – деп жазды.
«Сандалтқан «Садақ» кітабында Тұрсынбек Кәкішев Қайыржан Бекхожиннен алған қолжазба журналдың 1917–1918 жылдардағы жиырмаға жуық санына ішінара талдау жасады. Бірін толық жарияласа, енді бірін мазмұндап, тағы бірінің үзіндісін жариялады. Алайда барлығы толық талданған жоқ. Профессордың өзі бұл жайында «Сандалтқан «Садақ» кітабының «Қазына» тарауының кіріспесінде: «Енді «Садақтың» 1917–1918 оқу жылында шыққан он бес санына оралайық. Сөз арасында кездескен уақиғаларды суыртпақтап шығарып отырармыз ретке қарай», – деп оқырманды бір қуантып қояды да, Жекейдің «Бас сөзінен» кейін бірден шорт кесіп: «1917–1918 жылдары шыққан, қолдағы бар 15 санды бас-басына әңгімелеудің қажеті шамалы екендігі өзінен өзі түсінікті», деп, Жиенғали тақырыбына ойысып кетеді.
Сонымен қатар журналдың әлі табылмаған сандары да бар. 1915–1918 жылдары «Садақ» қолжазба журналының қырық шақты саны жарық көргенін ескерсек, әлі жиырма шақты саны жоқ деген сөз. Уфаға барған сапарымызда біз осы жиырма санды іздегенбіз. Алайда Башқұртстан Ұлттық архивінен де, Башқұртстан Ұлттық кітапханасының сирек қолжазбалар қорынан да «Садақты» таппадық. Соған қарағанда бұл сандар не жоғалған, не біреудің сандығында жасырулы жатқан секілді. Жоғалып кетті дегенге көңіл сенбейді, іздеушісін күтіп бір жерде бұғып жатқан секілді көрінеді.
«Садақ» журналының 110 жылдығы қарсаңында журналға қатысты бірқатар жұмыс істелуі керек еді. Дегенмен әлі де атқаруға болады деген ойдамыз.
Біріншісі, журналдың оқырманға белгісіз жиырма шақты санын табу. Журналдың бұл сандары «Ғалия» шәкірттерінің, соның ішінде журнал авторларының бірінің (ұрпақтарының) архивінде немесе Уфадағы музейлер мен архивтердің бірінде сақтаулған болуы мүмкін.
Екіншісі, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің Қайыржан Бекхожиннен алған «Садақтың» жиырма шақты санын еліміздегі кітапханалардың сирек қорына алу. Бұл сандар бүгінде профессордың отбасында сақтаулы. Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек қорындағы журналдың үш саны тағы да жиырма санмен толықса, ғалымдар мен зерттеушілерге қолжетімді бола түсер еді.
Үшіншіден, «Садақ» журналының белгілі жиырмадан астам нөмірін сол кездегі төте жазудан қазіргі қаріпке (кириллицаға) көшіріп, қалың көпшіліктің игілігіне айналдыру қажет. «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа» басылымдары секілді «Садақты» да (факсимилиесімен бірге) жеке кітап етіп жарыққа шығару – уақыт талабы.
Төртіншіден, «Садақтың» авторлары Алаш қозғалысына дем берді. Қолжазба журналды шығаруға атсалысқан ғалиялық шәкірттер мен олардың жазбалары, бүркеншік есімдерді қолдануы әлі де зерттеуді қажет етеді. Бұл тақырыптар зерттеле түссе, қазақ баспасөзі тарихына тың еңбектер қосылады.
Бесіншіден, келер 2026 жылы «Ғалия» медресесінің құрылғанына 120 жыл толады. «Садақ» қолжазба журналы «Ғалия» медресесінде, сондағы қазақ шәкірттерінің бастамасымен жарық көрген. Бұл медреседе 1906–1918 жылдары 200-ге жуық қазақ баласы білім алған. Осы орайда ғалиялық қазақ шәкірттері жайлы да зерттеулер жүргізіліп, олар оқыған медресе қабырғасына «Бұл медреседе Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Жиенғали Тілепбергенов, Нұғыман Манаев, Ахмет Мамытұлы, т.б. 200-ге жуық қазақ зиялылары білім алды» дегендей ескерткіш тақта ілінуі керек деген ойдамыз.
Серікбол ХАСАН,
мұратанушы