Марқұмдардың жақын туысы Галина Набиеваның «31 арнаға» берген сұхбатына сүйенсек, бұл қасіреттің алдын алуға мүмкіндік болған. Күдіктінің психикалық ауытқулары ерте жастан, тіпті үшінші сыныптан бастап байқалған көрінеді.
«Ол психикалық есепте тұрған. Біздің Новороссийскіде тұратын ағамыз бар. Әпкем (марқұм) оған хабарласып, ұлының (күдіктінің) үстінен шағымданатын көрінеді. Неге ол маған айтпады екен? Егер білгенімде, оны бірден тиісті мекемеге жатқызар едім. Ол екі жыл бойы психикалық ауруханада емделді. Тіпті үшінші сыныпта оқып жүргенде-ақ оның ақыл-есінде ауытқулар бары анықталған еді. Оны қараусыз қалдыруға болмайтын, ол тұрақты көмекке мұқтаж жан болатын. Бұл жерде дәрігерлер де өз жұмысын тиісті деңгейде атқармады деп есептеймін», дейді марқұмдардың туысы Галина Набиева.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл отбасы сырт көзге өте тыныш көрінген. Күдіктінің өзі тұйық болған, ауладан шықпай, адамдармен араласпаған. Тек кейде еш себепсіз айқайлап, айналасына қорқыныш ұялататын сәттері болғанын айтады.
Ақмола облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Ерлан Ақбаровтың мәлімдеуінше, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары Ішкі істер министрлігі мен өңірлік департамент басшылығының тікелей бақылауына алынды.