Денсаулық • Бүгін, 16:32

Алматыда қатерлі ісікке қарсы зерттеулер жүргізетін орталық ашылды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталықта Америкадағы қазақ ғалымы, Хьюстон университетінің профессоры, доктор Шайкен Тәттіммен бірлесіп қатерлі ісікке қарсы зерттеулер жасалады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда қатерлі ісікке қарсы зерттеулер жүргізетін орталық ашылды

Жасуша биологиясы саласында ұзақ жылдар бойы зерттеулер жүргізген профессор Шайкен Тәттім Америкадағы Peri-Nuc Labs LLP бас директоры. Ол цитоплазманы серпімді қатты цитоплазмалық және тұтқыр сұйық цитозольге бөлуге болатынын анықтаған ғалым. Ғалымның ғылыми жаңалығы қатерлі ісік пен басқа да аурулардың себептерін зерттеуге, сондай-ақ емдеу технологияларын әзірлеуге жол ашып отыр.

Орталықтың ашылуында ректор Жансейіт Түймебаев адамзат денсаулығын жақсартуда ғылымның әлеуетін заманауи технологиялармен ұштастырудың маңызына тоқталып, соңғы отыз жылда Америкда ғылыммен  айналысып жатқан қара шаңырақтың түлегі Шайкен Тәттімнің ғылымдағы жолына тоқталып өтті.  Айтуынша, орталықтың ашылуы ғылыммен айналысуға қадам басқан магистранттар, докторанттар үшін үлкен мүмкіндік береді.

Орталық былтыр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы-ректоры, Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен маусым айында доктор Шайкен Тәттімнің қатысуымен құрылған болатын. Ал сол жылы қазан айында доктор Шәйкен Baylor Scott & White Health денсаулық сақтау жүйесінің бөлімі Бэйлор медицина колледжінің зерттеуші профессоры лауазымына қабылданып, колледж басшылығымен заманауи ғылыми зертхана ашу ұйғарылды.

Профессор Шайкен Тәттімнің айтуынша, орталық онкологиялық ауруларға қарсы зерттеу жұмыстарын жүргізіп,  фармакогенетикалық және молекулалық диагностикалық тестілеу мүмкіндіктерін кеңейтеді. Нәтижесінде қатерлі ісік ауруын емдеуге және алдын алуға жол ашады.

Техастағы және АҚШ-тың оңтүстігіндегі ең ірі денсаулық сақтау жүйелерінің бірі Baylor Scott & White Health 2013 жылы Baylor Health Care System (негізі 1903 жылы қаланған) және Scott & White Healthcare бірігуі нәтижесінде құрылды. Құрамына Техас штатындағы 50-ден астам аурухана және жүздеген медициналық орталықтар, клиникалар және медициналық мекемелер кіреді. Мұнда жалпы медициналық, жоғары мамандандырылған хирургиялық көмек көрсетіліп, күрделі ауруларды емделеді.

Кездесу соңында тараптар орталықтың алдағы жұмыстары туралы жоспарларымен бөлісті.

Алматы